Оңтүстік Кореяда аптап ыстықтан 5 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, маусым айынан басынан бері Оңтүстік Кореяда аптап ыстықтан 630-дан астам адам зардап шекті, деп хабарлайды Kazinform Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Үкімет статистика жүргізе бастаған 15 маусымнан бері аптап ыстықтан ауырғандардың саны 633-ке жетті. Оның ішінде 5 адам көз жұмған.
Оңтүстік Кореядағы Ауруларды бақылау және алдын алу басқармасының мәліметі бойынша, сәрсенбіде ғана 100 адам медициналық көмекке жүгінген.
Науқастардың көпшілігі, яғни 82,9%-ы – ашық ауада болған кезде симптомдарды сезінген.
Қазіргі кезде аталған елдің басым бөлігінде аптап ыстыққа байланысты ескерту жарияланды. Кёнги провинциясында ауа температурасы 35 градусты көрсетіп тұр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оңтүстік Кореяға келген туристер саны биыл 20 миллионнан асатынын жазған едік.