Оңтүстік Кореяда қылмыстық жауапкершілік жасы 13 жасқа дейін төмендеуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Корея үкіметі қылмыстық жауапкершілікке тартудың ең төменгі жасын 14-тен 13 жасқа дейін төмендету мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: en.yna.co.kr

Қазір елде 14 жасқа толмаған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Егер олар құқық бұзушылық жасаса, қоғамдық жұмыстарға тарту немесе кәмелетке толмағандарға арналған арнайы мекемелерге жіберу секілді тәрбиелік шаралар қолданылады.

Жауапкершілік жасын төмендету мәселесі жасөспірімдер қылмысының көбеюіне байланысты көтеріліп отыр. Ақпан айында Президент Ли Чжэ Мён Үкіметке осы мәселеге қатысты қоғамдық пікірді зерделеуді тапсырған.

Гендерлік теңдік және отбасы істері министрлігі қылмыстық жауапкершілікке тарту жасын қазіргі «10–14 жас» санатынан «10–13 жас» санатына өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді. Жаңа талаптарды ауыр, зорлық-зомбылық сипатындағы немесе қайталанған қылмыстарға қатысты қолдану көзделіп отыр.

Министрліктің мәліметінше, 199 ересек адам мен 43 жасөспірім қатысқан сауалнамада қылмыстық жауапкершілік жасын сөзсіз төмендетуді ересектердің 78 пайызы, ал кәмелетке толмағандардың 67 пайызы қолдаған.

Сонымен қатар қоғамдық талқылау нәтижелері бұл мәселеге қатысты неғұрлым байыпты ұстанымды көрсетті. Талқылауға қатысқан 212 адамның ішінде жас шегін белгілі бір шарттармен төмендетуді қолдаушылардың үлесі 46,7 пайызға дейін өсті. Ал жас шегін ешқандай шартсыз төмендетуді қолдаушылардың үлесі 37,3 пайыздан 30,2 пайызға азайды. Қолданыстағы жасты сақтап қалуды жақтайтындардың үлесі 5,7 пайыздан 17 пайызға дейін артқан.

Талқылауға қатысушылардың 55,8 пайызы қылмыстық жауапкершілік жасын бір жылға ғана төмендету қажет деп есептейді.
Бұдан бөлек, министрлік жасөспірімдер қылмысының алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарына ден қою үшін жаңа ведомствоаралық жүйе құруды ұсынды.

Еске салайық, бұған дейін Оңтүстік Кореяның Жоғарғы соты бұрынғы президент Юн Сок Ёльге қатысты сот үкімін өзгеріссіз қалдырып, сот төрелігіне кедергі келтіру ісі бойынша оған тағайындалған жеті жылдық бас бостандығынан айыру жазасын түпкілікті бекіткен болатын.

Сонымен қатар Сеул соты экс-президентті саяси қорлар туралы заңды бұзғаны үшін кінәлі деп танып, оған қосымша екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.