Оңтүстік Кореяда қорғаныс концерні мен видеоойын әзірлеушісі ортақ ЖИ іске қоспақ

АСТАНА. KAZINFORM – Оңтүстік Кореяның қорғаныс концерні Hanwha Aerospace және видеоигра шығарушы Krafton компаниясы физикалық жасанды интеллект технологияларын бірлесіп әзірлеу және ортақ кәсіпорын құру туралы келісімге келді. Бұл туралы Yonhap News агенттігі хабарлады.

Фото: ortcom.kz

Тараптар қол қойған өзара түсіністік туралы меморандум физикалық жасанды интеллект саласындағы негізгі шешімдерді бірлесіп зерттеу мен әзірлеуді, сондай-ақ оларды қолданудың ықтимал сценарийлерін сынақтан өткізуді және қажетті техникалық әрі операциялық инфрақұрылымды құруды қарастырады.

Компаниялар әзірлемелерді коммерцияландыруды бірлескен кәсіпорын арқылы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар серіктестер ұзақ мерзімді ынтымақтастық моделін қалыптастыруды көздейді.

Серіктестік аясында Hanwha Aerospace компаниясының қорғаныс және өндірістік мүмкіндіктері, оның ішінде ұшқышсыз жүйелер технологиялары, Krafton компаниясының жасанды интеллект пен бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлеу саласындағы тәжірибесімен біріктіріледі.

Алдағы уақытта компаниялар ынтымақтастықты авиация және ғарыш салаларына да кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар олар Hanwha Asset Management басқаратын, сомасы 1 млрд долларды құрайтын қорға инвестиция салмақ. Бұл қор жасанды интеллект, робототехника және қорғаныс технологиялары саласындағы жобаларға бағытталады.

Сон Чэ Иль, Hanwha Aerospace компаниясының бас директоры, жасанды интеллекттің жекелеген салалардың шеңберінен шығып, қорғаныс саласы үшін жаңа мүмкіндіктер ашып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Krafton компаниясымен серіктестік болашақ қорғаныс технологияларында физикалық жасанды интеллектті қолданудың жаңа моделін қалыптастыруы мүмкін.

Ал Ким Чан Хан, Krafton басшысы, құрылатын компания уақыт өте келе жасанды интеллект негізіндегі жаңа буын қару-жарағын әзірлейтін америкалық Anduril Industries стартапы сияқты жаһандық қорғаныс технологиялары әзірлеушісіне айналуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, бұған Krafton компаниясының бағдарламалық сараптамасы мен Hanwha Aerospace компаниясының өндірістік әлеуетінің үйлесуі ықпал етеді.

Айта кетейік, биылдан бастап Оңтүстік Кореяда ЖИ қауіпсіздігі туралы заң күшіне енді.