Тұсаукесер 2 қарашада Тэджон қаласындағы Корей ғылыми-техникалық ақпарат институтында өтті. Іс-шараға ғылыми қауымдастықтың, мемлекеттік зерттеу орталықтары мен технологиялық компаниялардың 200-ге жуық өкілі қатысты.
Алтыншы буындағы есептеу жүйесін әзірлеуге 382,5 млрд вон (шамамен 276 млн доллар) бөлінген. Жаңа суперкомпьютер 2018 жылы пайдалануға берілген Nurion жүйесінің орнын басады.
Nurion 8 жыл бойы жұмыс істеп, 1 730 ғылыми жобаны жүзеге асыруға пайдаланылған. Оның көмегімен жүргізілген зерттеулер нәтижесінде ғалымдар 1 520 ғылыми еңбек жариялады. Олардың 70-і жетекші халықаралық ғылыми журналдарда жарық көрген.
Hangang жүйесінің бұрынғы суперкомпьютерден басты айырмашылығы — деректерді өңдеу және жасанды интеллект тапсырмаларын орындау мүмкіндігінің кеңеюі.
Жаңа суперкомпьютер 8 496 графикалық және 9 936 орталық процессормен жабдықталған. Сондай-ақ оның құрамында Nvidia GH200 Grace Hopper жоғары өнімді чиптері бар.
Техникалық сипаттамалары бойынша жаңа жүйе алдыңғы нұсқасынан едәуір қуатты. Оның теориялық есептеу қуаты 24 есе, деректерді сақтау сыйымдылығы 10 есе, ал ақпарат алмасу желісінің өнімділігі төрт есе артқан.
Hangang суперкомпьютерінің ең жоғары есептеу қуаты секундына 614,7 петафлопсқа, яғни 614,7 квадриллион операцияға тең. Оңтүстік Кореяның Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлігі жаңа жүйе әлемдегі TOP500 суперкомпьютерлер рейтингінің алғашқы ондығына кіреді немесе соған жақын орын алады деп болжап отыр.
Жүйені жасанды интеллект модельдерін оқытумен қатар, ауа райын болжау, жол-көлік оқиғаларын модельдеу және үлкен есептеу ресурстарын қажет ететін басқа да ғылыми зерттеулерде пайдалану жоспарланған.
Сондай-ақ суперкомпьютер жасанды интеллектінің озық технологияларын ғылыми және технологиялық міндеттерді шешуге бағытталған K-Moonshot мемлекеттік бағдарламасына қатысады.
Hangang жүйесін сынақтан өткізу қазан айының соңында басталған. Ал оның есептеу қуатын толық пайдалануға 16 желтоқсанда қолжетімділік беріледі деп жоспарланған.
KISTI президенті Ли Сик институт суперкомпьютерлерді пайдалану барысында жинақталған тәжірибені жаңа жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге және зерттеушілерді қолдауға жұмсайтынын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанда тағы бір қуатты суперкомпьютер іске қосылады.