Оңтүстік Кореяда президенттік сайлау өтетін күн белгіленді

Фото: Фото: Markus Wedler / unsplash.com

АСТАНА. KAZINFORM – Корея Республикасы билігі кезектен тыс президенттік сайлауды 3 маусымға белгілеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ТАСС.

Үкіметтегі дереккөз Yonhap агенттігіне берген мәліметінде, сайлау өткізу мәселесі сейсенбі күні өтетін үкімет отырысында қаралатынын айтты.

— Сайлау күнін белгілеу үшін министрлер кабинетінің отырысын өткізу міндетті деген нақты заңдық норма жоқ. Бірақ бұл — дауыс беру күні уақытша демалыс күнін жариялауды талап ететін маңызды мәселе болғандықтан, оны үкімет отырысында талқылайды, — деді дереккөз.

Бұған дейін Оңтүстік Корея БАҚ-тары президенттің кезектен тыс сайлауының нақты күні сейсенбі күні министрлер кабинеті мүшелерінің кездесуінен кейін жарияланады деп хабарлаған еді. Корея Республикасының президенті міндетін уақытша атқарушы — премьер-министр Хан Док Су сайлау күнін президент отставкаға кеткен сәттен бастап 10 күн ішінде, яғни 14 сәуірге дейін белгілеуі тиіс.

Еске салайық, 4 сәуір күні Конституциялық сот бұрынғы президент Юн Сок Ёльді биліктен бір ауыздан шеттетті. Бұл шешім әскери төтенше жағдайға байланысты оқиғалар негізінде қабылданды және парламенттің бес айыбының барлығына сот келісім берді. Президент қызметінен шеттетілген сәттен бастап 60 күн ішінде кезектен тыс сайлау өтуі тиіс. Бұл сайлауда басты үміткер — 2022 жылы Юн Сок Ёльден аз ғана айырмашылықпен жеңілген оппозиция жетекшісі Ли Чжэ Мён саналады. Бұған дейін сарапшылар дауыс беру ең көп дегенде 60 күн ішінде ұйымдастырылады деп болжаған еді, бұл саясаткерлерге дайындалуға уақыт береді.

Сондай-ақ, бұған дейін Оңтүстік Корея президентін қолдаушылар оның импичментінен кейін Сеулде митингке шыққаны хабарланған.