Оңтүстік Корея Статистика министрлігінің дерегіне сәйкес, қыркүйекте елде 25 113 сәби дүниеге келген. Бұл өткен жылдың сәйкес айындағы көрсеткіштен 12,2 пайыз жоғары. Осылайша, елде жаңа туған нәрестелер санының өсу үрдісі 27 ай қатарынан жалғасып отыр. Ал қыркүйектегі көрсеткіш соңғы сегіз жылдағы ең жоғары деңгейге жеткен.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Оңтүстік Кореяда 218 896 бала дүниеге келді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,3 пайызға көп. Бұған қоса 1981 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан статистикада мұндай жоғары өсім алғаш рет тіркелген.
Мұндай оң өзгеріске некелесу санының артуы, 30-39 жас аралығындағы тұрғындар үлесінің көбеюі және бала сүюге деген көзқарастың оң бағытта өзгеруі ықпал еткен.
Сондай-ақ қыркүйек айында Оңтүстік Кореяда 16 299 неке тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес айындағы көрсеткіштен 11,7 пайызға аз. Осылайша, некелесу көрсеткіші екінші ай қатарынан төмендеген. Статистика министрлігінің мәліметінше, мұндай өзгеріске келесі жылдан бастап жас жұбайларға берілетін мемлекеттік қаржылай көмектің енгізілуін күтіп жүрген жұптар да әсер етуі мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Оңтүстік Кореяда туу көрсеткіші 26 айдан бері тұрақты өсіп келе жатқаны хабарланған болатын.