Оңтүстік Кореяда жастардың некеге тұруына ақша жетпей жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяда қаржы тапшылығы некеге тұруға кедергі болып отыр. Бұл туралы Yonhap жазды.

Фото: The Korea Times

Оңтүстік Корея тұрғындарының оннан жетісі ресми некеге тұрмай-ақ бірге тұруға болады деп есептейді. Мұндай мәліметтерді елдің Деректер және статистика министрлігі жүргізген сауалнама көрсетті. 

Зерттеу нәтижесіне қарағанда, респонденттердің 67,8 пайызы осындай пікірді қолдайды. Ал 20-30 жастағы жастар арасында некені тіркемей бірге тұруды құптайтындар 80 пайыздан асады.

Кейінгі жылдары дәстүрлі отбасы үлгісіне деген көзқарас айтарлықтай өзгерген. Мәселен, 2012 жылы сауалнамаға қатысқандардың небәрі 45,9 пайызы некеге тұрмай бірге тұруды қалыпты жағдай деп есептеген.

Сонымен қатар ел тұрғындарының 38,1 пайызы некесіз бала сүюге де қарсы емес. Ал некеге тұруды міндетті деп есептейтіндердің үлесі 55 пайызға жеткен.

Респонденттер некеге тұрмаудың басты себебі ретінде қаржы тапшылығын атаған.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан кейінгі 35 жылда тіркелген некелер саны туралы деректерді жариялағанын, оған сәйкес некеге тұру көрсеткіші 2021 жылдан бері қысқарып келе жатқанын жазғанбыз.