Оңтүстік Кореядағы Көк үй қайтадан президент резиденциясына айналады

АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Корея президенттерінің резиденциясы ретінде танымал Көк үй 1 тамыздан бастап туристер үшін жабылды. Бұл туралы The Korea Herald басылымы хабарлады.

Фото: Yonhap News Agency

Резиденция үш жылдан астам уақыт қоғамдық экскурсия үшін қолжетімді болған еді. Алайда президент Ли Чжэ Мён әкімшілігінің қайта қоныстануына байланысты Көк үй аумағында қауіпсіздік тексерістері мен нысандарды алдын ала бағалау жұмыстары басталды.

Президент әкімшілігінің нақты қай күні көшетіні әзірге белгісіз. Дегенмен Ли Чжэ Мён командасы Чхонвадэ кешенінің кейбір бөліктері келушілер үшін ашық күйінде қалуы мүмкін екенін хабарлады. Бірақ олардың қаншалықты қолжетімді болатыны әлі нақтыланбаған.

Айта кетейік, Көк үй 70 жылдан астам уақыт бойы Оңтүстік Корея президенттерінің ресми резиденциясы әрі жұмыс кеңсесі ретінде қызмет етіп келген. 2022 жылдың мамыр айында бұрынғы президент Юн Сок Ёль резиденцияны босатып, президенттік кеңсені Сеулдің орталығындағы Ёнсан ауданына көшіргеннен кейін, нысан халыққа ашық болған.

2025 жылғы 3 маусымда Оңтүстік Кореяда президенттік сайлау өтті. Бұл сайлау бастапқыда 2027 жылға жоспарланған болатын, алайда бұрынғы президент Юн Сок Ёльге қатысты импичмент процедурасы басталып, 4 сәуірде Конституциялық сот оның отставкасын ресми түрде бекітті. Содан кейін маусым айында Ли Чжэ Мён президент қызметіне ресми кірісті.