Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. KAZINFORM – Осы апта ішінде елімізде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Фото: Ақорда

23 желтоқсанда Жандос Қанатұлы Ақыл Алматы облысы цифрлық технологиялар басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды

Жандос Қанатұлы 1996 жылы туған, білімі жоғары.

2018 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін «ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша, 2021 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетін «қаржы» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Алматы облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инженері болып бастаған.

Әр жылдары «Алматы облысы цифрлық технологиялар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бас маманы, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, Алматы облысы әкімі аппаратының жобалық кеңсе және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы болып жұмыс істеді.

2024 жылдың қазан айынан қазіргі уақытқа дейін Алматы облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы лауазымында қызмет етті. 

23 желтоқсанда Асқар Сұлтанұлы Естібаев Түлкібас ауданының әкімі болып тағайындалды.

Асқар Естібаев 1974 жылы 18 шілдеде Түлкібас ауданында дүниеге келген, білімі жоғары. «Заңгер», «экономика» мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын 1998 жылы Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының приставы болып бастады. 2002-2006 жылдары Астана қаласы сот әкімшісінде бөлім бастығы, Астана қаласы және Ақмола облысы бойынша «Қаржылық борыштармен жұмыс орталығы» филиалының директоры, Астана қаласы «Қалалық жылжымайтын мүлік» кәсіпорнының директоры қызметтерін атқарды.

2006-2013 жылдары Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым, Байланыс және ақпарат, Көлік және коммуникация, Мәдениет және ақпарат министрліктерінде түрлі деңгейде басшылық лауазымдарда еңбек етті.

2013-2022 жылдары Шымкент қаласы әкімінің кеңесшісі, «Шымкент» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым, Энергетика, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде басқарма басшысы, департамент директоры қызметтерін атқарды.

2022 жылдың қазан айынан осы уақытқа дейін Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында еңбек етті.

Аптаның алғашқы күні Нұрбек Қошқарбаев Абай облысы Бесқарағай ауданының әкімі болып тағайындалды

Нұрбек Тұрсынқанұлы 1979 жылы 5 маусымда Абай облысы Көкпекті ауданы Көкпекті ауылында дүниеге келген. 

Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің «Бастауыш сынып және ұлттық мектепте орыс тілі пәні мұғалімі», М. Әуезов атындағы Семей университетін «Қазақ тілі және әдебиет мұғалімі», Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Құқықтану», Семей қаласының Шәкәрім атындағы университетін «Құрылыс материалдарын, бұйымдарын және құрастырылымдарын өндіру» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын Семей қаласының № 33 орта мектебінің бастауыш сыныптарындағы орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. 

2002-2008 жылдары Семей қаласының №17 орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасары; 

2008-2009 жылдары Семей қаласының №36 орта мектебінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, оқу-тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасары;

2009-2010 жылдары Ақмола облысының Жақсы ауданының Жақсы ауылының №2 Жақсы орта мектебінің директоры;

2010-2012 жылдары Семей қаласының білім бөлімінің бас маманы; 

2012-2013 жылдары Бесқарағай ауданы әкім аппаратының ұйымдастыру-кадр және мемлекеттік-құқық жұмысы бөлімінің басшысы;

2014 - 2015 жылдары Семей қаласы әкім аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы;

2015-2019 жылдары Курчатов қаласы әкімі аппаратының басшысы;

2019 жылдан осы уақытқа дейін Абай облысы Курчатов қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Апта басында Талғат Мұратов Семей қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол бұған дейін Бесқарағай ауданын басқарған

Талғат Батырұлы Алматы облысы Қаратал ауданы Кәлпе ауылында дүниеге келген.

2007 жылы – Қазақ бас сәулет құрылыс академиясын, 2015 жылы – Қазақстан инновация университетін, 2018 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін аяқтаған.

Еңбек жолын 1993 жылы «Стройдеталь» жеке кәсіпорнының атқарушы директоры қызметінен бастады. Әр жылдарда түрлі мекемелерде басшылық қызмет атқарды.

2014-2018 жылдары Бесқарағай ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінде бас маманнан бастап, бөлім басшысы болды.

2018-2022 жылдары Жарма ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.

2022 жылдың қазан айынан осы уақытқа дейін Бесқарағай ауданының әкімі лауазымын атқарған.

Дүйсенбіде Қуаныш Сүлейменов Абай облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Қуаныш Серқазыұлы 1973 жылы бұрынғы Семей облысының Шар қаласында туған. Семей мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірді.

Оқуын Қазақ мемлекеттік заңгерлік академияда, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетте «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» мамандығы бойынша жалғастырып, ауылшаруашылық ғылымдарының магистрі атанған.

«Шалабай» ЖШС бас директоры қызметін атқарды. VII сайланған Абай облыстық мәслихатының хатшысы болған.

2023 жылдың наурыз айында Абай облыстық мәслихатының төрағасы қызметіне сайланып, осы уақытқа дейін жұмыс істеді. 

23 желтоқсанда Атырау облысы әкімінің өкімімен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы лауазымына Полымбет Хасанов тағайындалды

Полымбет Хасанов 1980 жылы Индер ауданында дүниеге келген. Қазіргі заманғы гуманитарлық университетін заңгер мамандығымен бітірген. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экономика және басқарудағы бизнес-аналитика мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. 

Ол 2002-2005 жылдар аралығында облыстық ішкі істер департаменті жүйесінде жұмыс істеген. 2005-2006 жылдары облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінде бас маман, 2006-2010 жылдары аралығында облыс әкімі аппаратында бас маман, облыс әкімінің бас инспекторы, 2010-2014 жылдары Мақат ауданы әкімі аппаратының басшысы, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған.

Ал 2014 жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, 2014-2019 жылдары Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы, кейіннен Атырау қаласы әкімінің орынбасары, 2019-2021 жылдары аралығында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болған. 

2021-2023 жылдар аралығында Исатай ауданы әкімі, 2023 жылдан осы тағайындауға дейін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы қызметін атқарып келді. 

24 желтоқсанда Данияр Орынбасаров Атырау облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы болды

Данияр Орынбасаров 1987 жылы Атырау облысында дүниеге келген. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетін мұнай-газ ісі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін құқықтану мамандығымен бітірген. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2008 жылы «Нұрлы Жол» ЖШС-ның инженері болып бастаған. 

2009-2011 жылдары «Bateman Kazakhstan Oil&gas Company B. V» компаниясы Атырау филиалының супервайзері, 2012-2017 жылдары аралығында Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінде, мемлекеттік кірістер комитетінде түрлі лауазымында жұмыс істеді.
2017-2022 жылдары аралығында Ұлттық экономика министрлігіінң инвестициялық саясат департаментінде бас сарапшы, инвестициялық саясат, кейіннен мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту басқармасының басшысы болған.

Ал 2022-2023 жылдары Премьер-Министр Кеңсесінің индустриялдық-инновациялық даму бөлімінің бас консультанты, 2023-2023 жылдары Премьер-Министр аппаратының нақты секторды және өңірлерді дамыту бөлімінің бас консультанты, 2023 жылдан осы тағайындауға дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымын атқарған.

26 желтоқсанда Қостанай облысы әкімінің өкімімен Сарыкөл, Қостанай және Жангелдин аудандарының әкімдері тағайындалды

Сарыкөл ауданының әкімі болып Марат Лесбекұлы Шымырбеков тағайындалды.

Марат Лесбекұлы 1973 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданында туған. Шымкент университетін «Химия және биология» мамандығы бойынша және Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұған дейін Златоуст ауылдық округінің әкімі және Сарыкөл ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Қостанай ауданының әкімі болып Олжас Жомартұлы Нұрғалиев тағайындалды.

Олжас Жомартұлы 1986 жылы Қостанай облысы Қостанай ауданында туған. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша, Заманауи гуманитарлық академияны және М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Экономика ғылымдарының магистрі дәрежесіне ие. Бұған дейін Қостанай облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қызметін атқарған. 

Жангелдин ауданының әкімі болып Дінмұхамбет Серікұлы Бидашев тағайындалды.

Дінмұхамбет Серікұлы 1981 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданында туған.

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «Экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұған дейін Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Барлық тағайындалған әкімдер мемлекеттік басқару саласында үлкен тәжірибеге және тиімді басшылық жасауға қажетті практикалық білімдерге ие.

Қанат Әділбай Абай облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Қанат Серікқанұлы 1972 жылы 14 желтоқсанда Абай облысы Аягөз ауданы Аягөз қаласында дүниеге келген. Оқыған мамандығы – инженер-экономист, экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1996 жылы Семей қаласы бойынша салық инспекциясының заңды тұлғалардың салық салу бөлімінің бірінші категориялы маманы болып бастады.

Ұзақ жылдар бойы Семей қаласының салық комитетінің төрағасы болып жұмыс істеп, кейін Қаржы министрлігінің жүйесінде еңбек етті.

2019-2021 жылдар аралығында Семей қаласы әкімінің бюджетті қалыптастыру және атқару, несие және кеден саясаты, банк мекемесі, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, ветеринария, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, байланыс, туризм және сауда, еңбек инспекциясы мен қоршаған ортаны қорғау салалары жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Сондай-ақ «АКМ Стройсервис» ЖШС директоры болды.

2023 жылдан осы уақытқа дейін Аягөз ауданының әкімі лауазымын атқарған.

26 желтоқсанда Айгүл Кенжебаева Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің аппарат басшысы болып тағайындалды.

Айгүл Кенжебаева 1980 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін, Қарағанды экономикалық университеті және ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 

Еңбек жолын 2001 жылы жеке компанияда экономист-менеджер болып бастаған.

2003-2004 жылдары ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Астана қаласы бойынша департаменті бөлімінің жетекші маманының м. а.

2004-2010 жылдары ҚР Индустрия және сауда министрлігінің жетекші маманы, бас маманы, бөлім бастығы, басқарма бастығы.

2010-2014 жылдары ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің басқарма бастығы, департамент директорының орынбасары.

2014-2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігі департаменті директорының орынбасары, департамент директоры.

2019-2023 жылдары ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі департаментінің директоры.

2023 жылғы қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі департаментінің директоры.

26 желтоқсанда Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Серік Жүнісбеков төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.

Серік Жүнісбеков 1981 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік заң академиясын, М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. 

Еңбек жолын 2002 жылы Жамбыл облысы Ішкі істер басқармасының тергеушісі болып бастаған.

2003-2007 жылдары-Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің маман-тергеушісі, аға тергеушісі.

2007 жылдан 2010 жылға дейін ҚР ІІМ Академиясының ғылыми-зерттеу институтының құрылымында жұмыс істеді.

2010-2018 жылдары-Жамбыл облысы ІІД бөлім бастығы, Штаб-басқарма бастығының орынбасары, Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, бастығының орынбасары.

2019 ж. - ҚР ІІМ Алматы академиясы бастығының орынбасары.

2019-2021 жылдары — Алматы облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.

2021-2023 жылдары-Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, бастығы.

2023-2024 жылдары-ҚР ІІМ Қостанай академиясының бастығы.

2024 жылы — ҚР ТЖМ департаментінің бастығы.

2024 жылғы тамыздан бастап қазіргі уақытқа дейін Төтенше жағдайлар министрлігі төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы қызметінде болды.

27 желтоқсанда Баянбек Қырықбаев Ақтөбе қаласындағы Астана ауданының әкімі қызметіне тағайындалды

Жоғары білімді маман Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін құқықтану, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін кадастр біліктілігі бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын мұғалім болып бастаған. 

Әр жылдары Батыс Қазақстан облысы Әділет басқармасының жетекші маманы.

Ақжайық ауданы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы. 

Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары жер қатынастарының бас маманы. 

«Ақтөбе Жер ғылыми-өндірістік орталығы» РМК бөлімінің бастығы. 

Ақтөбе облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы. 
Қобда ауданы әкімінің орынбасары болды.

Ақтөбе облысы әкімі аппаратының өңірлік даму, ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. 

Тағайындалғанға дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитеті Ақтөбе облысының Жер ресурстарын басқару департаментін басқарды. 

Жұма күні Танымал қазақстандық балуан Мақсат Ережепов Қостанай облыстық Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті болып тағайындалды.

Мақсат Аршабайұлы — грек-рим күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азияның үш дүркін чемпионы, әскерилер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бес дүркін чемпионы.

Ал Қостанай облысының Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының атқарушы директоры қызметіне Талғат Жиентаев тағайындалды.