Оңтүстік Кореядағы заңды жұмыс: Қазақстанмен арадағы келіссөз қай деңгейде

Коллаж: freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Кореядағы заңды жұмыс аясындағы тиісті келісімге қашан қол қойылады, яғни Employment Permit System (EPS) жүйесін іске асыру қай мерзімге белгіленді? Бұл сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.

Еске салсақ, біраз жылдан бері Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматтары заңсыз жүргені жайында айтылып келеді. Еңбек министрлігінің басшылығы Қазақстан азаматтарының заңды түрде жұмыс істеуіне қатысты іс-шаралар 2024 жылдың соңына дейін аяқталуы мүмкін екенін айтқан еді. Одан бері бір жылдан астам уақыт өтті. 

- Қазақстан жағы Корея Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдерімен Қазақстанды EPS жүйесіне енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында ынтымақтастық мәселелері жөнінде бірқатар кездесулер өткізді. Корей тарапы өз заңнамасына сәйкес шетел мемлекетін EPS жүйесіне енгізу мәселесі үш кезеңде жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл тұрғыда ішкі мемлекеттік келісу, EPS орталығын ашу үшін объектілермен танысу, сондай-ақ Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында мемлекетті EPS жүйесіне енгізу туралы түпкілікті шешім қабылдау ескерілген. Қазіргі уақытта Қазақстан келісудің бірінші кезеңін аяқтап, екінші кезеңді жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - делінген ведомствоның Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Осыған дейін тараған ақпаратқа қарағанда, Оңтүстік Корея Республикасымен келіссөзге сәйкес, былтырғы желтоқсаннан биылғы ақпан айына дейін ҚР азаматтарына елден заңды түрде шығуға мүмкіндік берілген. https://kaz.inform.kz/news/otandastarimiz-koreyadan-ayippul-tolemey-shiga-aladi-259edf/

- ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Корея Республикасынан ерікті түрде кету бағдарламасына қатысу мүмкіндігі туралы Қазақстан азаматтарын ақпараттандыру бойынша жұмыс жүргізді. Ақпарат ведомствоның ресми интернет-порталында орналастырылды. Бағдарламаға қатысу үшін паспорт, ерікті түрде кету туралы өтініш және әуе билеті қажет, - деп нақтылады министрлік.

Айта кетейік, EPS жүйесі өз жұмысын 2004 жылдың 1 тамызында бастады және қазірге дейін бұл жүйе бойынша 20-ға жуық елдің азаматы Оңтүстік Кореяда жұмыс істей алады. Бұл жүйедегі жұмыс қызмет көрсету, өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және балық аулау салаларында ұсынылады. EPS жүйесі шетелдікке Оңтүстік Кореяда 3 жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жұмысшылармен келісімшарт ұзартылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде азаматтарға осы елде 4 жыл 10 айға дейін тұруға мүмкіндік береді. EPS жүйесіне қатысу үшін Корея жағы EPS дайындық орталықтарына баруды талап етеді. Бұл орталықтарда Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетіндер тілді үйрену курстарынан, көші-қоні және медициналық мәселелерге қатысты тестілеуден өтеді.