Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті резиденциядан аптаның соңына дейін кетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Корея Республикасының бұрынғы президенті Юн Сок Ёль Сеулдің оңтүстік бөлігіндегі үйіне оралады, деп хабарлайды Yonhap ақпарат агенттігі.
Еске сала кетсек, өткен аптада Оңтүстік Кореяның Конституциялық соты президент Юн Сок Ёльға импичмент жариялауды қолдады. Осылайша, ол ақыры қызметінен босатылды.
— Юн аптаның соңына дейін резиденциядан кетеді деп күтіліп отыр, - деді президент әкімшілігінің өкілі.
Ол бұл жұма мен жексенбі арасында болатынын қосып өтті.
Президенттің қауіпсіздік қызметі бұрынғы оның үйінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 40-қа жуық адамнан тұратын топ құрып үлгергені хабарланды.
Юн Сок Ёльдің үйі Сеулдің оңтүстігіндегі тұрғын кешенінде орналасқан. Ол бұған дейін 2022 жылдың мамырында инаугурациясынан кейін де 6 ай бойы сонда тұрған.
Юн Сок Ёль мен оның зайыбы Ким Кон Хи басқа жерге көшуді ойластырып жатыр. Өйткені олардың 11 үй жануары — ит пен мысықтары бар, ал күзетшілердің болуы көршілеріне біраз қолайсыздық тудыруы мүмкін.
— Ерлі-зайыптылардың төрт бөлмелі пәтері бар, деп жазды The Korean Herald.
Олардың үйі 37 қабатты ғимаратта, 757 тұрғын және коммерциялық блоктан тұратын кешеннің бір бөлігінде орналасқан және ауданы 164 шаршы метрді құрайды. Президенттік резиденцияға көшкенге дейін балалары жоқ ерлі-зайыптылар онда жеті үй жануары — төрт ит және үш мысықпен тұрған.