Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті тағы да тұтқындалуы мүмкін

Фото: en.yna.co.kr

АСТАНА. KAZINFORM – Арнайы прокурор Чо Ын Сок Корея Республикасының экс-президенті Юн Сок Ёльді тұтқындау үшін ордер беруді сұрады, деп хабарлайды ресейлік ТАСС.

Yonhap агенттігінің хабарлауынша, 25 маусым күні Сеулдің Орталық аудандық соты арнайы прокурордың ордер беру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Арнайы прокурор сол сотқа қайта жүгініп, Юн Сок Ёльді өкілеттігін асыра пайдалану, құжаттарды қолдан жасау, президент туралы заңды бұзу және билік органдарының жұмысына кедергі келтіру баптары бойынша қамауға алуды сұрады.

Бұл күдіктердің барлығы 2024 жылдың 3 желтоқсанындағы әскери жағдайдың жариялануымен байланысты. Юн Сок Ёль мемлекеттік құрылымға қарсы бүлік шығару бойынша қылмыстық бап аясында да айыпталып отыр.

Yonhap агенттігі атап өткеніндей, мемлекеттік опасыздық күдігі ордер беру туралы өтініште жоқ. Оңтүстік Кореяда мемлекетке опасыздық жасады деп сырттан басып кіру әрекеті ғана танылады.

2024 жылдың желтоқсанынан бастап Оңтүстік Кореяның бірқатар бұқаралық ақпарат құралы Юн Сок Ёль әкімшілігі елде әскери жағдай енгізу үшін шекарада КХДР-мен жағдайды шиеленістіруге әрекет етті, деген болжам жариялаған. Арнайы прокурордың өкілі мемлекетке опасыздық жасады деген айып бойынша іс әлі де қаралып жатқанын жеткізді.

Осыған дейін Оңтүстік Кореяның демографиялық дағдарыс алдында тұрғаны туралы жаздық.