Оңтүстік Кореяның экс-президенті сайлау алдында партиядан кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяның қызметінен шеттетілген президенті Юн Сок Ёль 3 маусымдағы кезектен тыс президенттік сайлау қарсаңында билеуші партиядан шығатынын мәлімдеді, деп жазады Синьхуа.
— Бүгін мен «Азаматтық күш» партиясынан шығамын. Маған сеніп, ұзақ уақыт бойы жанымда болған серіктерімнің алдында бас иемін, — деді ол өзінің онлайн мәлімдемесінде.
Юн Сок Ёль партиядан кетуін — алдағы президенттік сайлауда партия кандидатының жеңісін қамтамасыз етудің және елдегі либералдық демократияны қорғаудың ең тиімді жолы деп есептейтінін айтты.
Соңғы уақытта Юн Сок Ёльге партиядан кетуге шақырған үндеулер күшейген болатын. Бұл қадам, әсіресе, дауыс беруге шешім қабылдай алмай жүрген электораттың қолдауына үміт арту үшін ұсынылды. Билеуші партияның беделінің түсуіне Юн Сок Ёльдің елде әскери жағдай енгізуі, кейін импичментке ұшырап, президенттік қызметтен толық шеттетілуі себеп болды.
Экс-президент азаматтарды 3 маусымдағы сайлауда «Азаматтық күш» билеуші консервативтік партиясынан ұсынылған кандидат Ким Мун Суды қолдауға шақырып, бостандықты, егемендікті және өркендеуді қорғау үшін күш біріктіруге үндеді.
Еске салайық, 4 сәуір күні Конституциялық сот бұрынғы президент Юн Сок Ёльді биліктен бір ауыздан шеттетті. Бұл шешім әскери төтенше жағдайға байланысты оқиғалар негізінде қабылданды және парламенттің бес айыбының барлығына сот келісім берді. Президент қызметінен шеттетілген сәттен бастап 60 күн ішінде кезектен тыс сайлау өтуі тиіс. Бұл сайлауда басты үміткер — 2022 жылы Юн Сок Ёльден аз ғана айырмашылықпен жеңілген оппозиция жетекшісі Ли Чжэ Мён саналады. Бұған дейін сарапшылар дауыс беру ең көп дегенде 60 күн ішінде ұйымдастырылады деп болжаған еді, бұл саясаткерлерге дайындалуға уақыт береді.
Корея Республикасы билігі кезектен тыс президенттік сайлауды 3 маусымға белгілеуді жоспарлап отыр.
Бұдан бұрын сәуір айының басында Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль резиденциядан аптаның соңына дейін кететіні хабарланды.