Бұған биыл елдегі 60 жоғары оқу орнын қамтыған The Korea Times University Rankings 2027 рейтингі де дәлел бола алады.
Дәстүрлі университет рейтингтерінен ерекшелігі, бұл зерттеуде оқу орындарының академиялық көрсеткіштері мен шетелдік студенттер саны ғана емес, олардың халықаралық ортаға қаншалықты бейімделгені де бағаланады. Атап айтқанда, білім беру сапасы, шетелдік студенттерге көрсетілетін қолдау, ғылыми-зерттеу жұмыстары, шетелдік оқытушылардың үлесі және түлектердің нәтижелері ескеріледі.
Зерттеу нәтижесі Корея университеттерінің басты артықшылығы білім беру сапасы екенін көрсетті. Ал студенттерге көрсетілетін қолдау мен түлектердің оқу аяқталғаннан кейінгі жетістіктері бұл көрсеткіштен кейін тұр. Бұл шетелдік студенттерге тек оқу орнына қабылданған кезде ғана емес, бүкіл білім алу кезеңінде және оқу бітіргеннен кейін де жан-жақты қолдау көрсету мәселесі әлі де өзекті екенін аңғартады.
Биыл бағалау әдістемесіне шетелдік оқытушылардың үлесі деген жаңа көрсеткіш енгізілді. Ал университеттердің ғылыми жетістіктері үш жылдық кезең бойынша бағалана бастады. Осылайша басты назар шетелдік студенттер санын көбейтуге ғана емес, олардың білім алу сапасы мен оқуын аяқтағаннан кейінгі мүмкіндіктеріне де аударылып отыр.
The Korea Times University Rankings 2027 рейтингінде екінші жыл қатарынан Корея университеті көш бастады. Ол 200 мүмкін ұпайдың 149,52-сін жинаған. Екінші орында 142,22 ұпаймен Сеул ұлттық университеті, үшінші орында 140,74 ұпаймен Ёнсе университеті тұр.
Рейтинг ел өңірлері арасында айтарлықтай алшақтық бар екенін де көрсетті. Халықаралық орта қалыптастыру көрсеткіші бойынша ең жоғары нәтиже көрсеткен 30 университеттің 23-і Сеулде, Кёнгидо провинциясында немесе Инчхонда орналасқан. Бұл шетелдік студенттерді тарту мүмкіндігі мен халықаралық білім беру ортасын дамыту әлеуеті әзірге негізінен елдің астаналық өңірінде шоғырланғанын көрсетеді.
Зерттеу авторларының айтуынша, ендігі міндет — корей университеттерінің шетелдік студенттер санын жай ғана көбейтумен шектелмей, олардың білім алуына, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына, кәсіби жолын қалыптастыруына және кейін корей қоғамына етене араласуына мүмкіндік беретін жағдай жасау. Алдағы жылдары рейтингті бағалау әдістемесіне шетелдік студенттер мен оқытушыларға арналған инфрақұрылым, халықаралық ғылыми ынтымақтастық, студенттердің оқу үдерісіне қанағаттану деңгейі және түлектердің нәтижелері сияқты жаңа көрсеткіштер енгізу жоспарланып отыр.
Бұған дейін Қазақстан мен Корея жоғары білім және жасанды интеллект байланысын күшейтетіні хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина