Оңтүстікте күн суытып, жел тұрады

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM- Демалыс күндері Шымкентте және Түркістан облысында күн суытып, жел болады.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Бүгін түнде Шымкенттегі ауа температурасы 7 градусқа дейін төмендейді. Сондай-ақ, демалыс күндері де өңірде салқын ауа-райы сақталады. 

«12 және 13 қазанда Шымкентте ауыспалы бұлттылық күтілуде. Түнгі уақытта жаңбыр жауады. Желдің жылдамдығы күндіз 8-13 м/с, ал түнде екпіні 15-20 м/с жетеді. Түнде ауа температурасы 8-12 градус, күндіз 17-19 градус жылы болады, - делінген «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта. 

Түркістан облысының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында демалыс күндері жел күшейеді. 

Ауа температурасы түнде 4 градусқа дейін төмендеп, жаңбыр жауады деп күтілуде. Ал, күндіз 22 градус жылы болады. 

«Облыс орталығы- Түркістан қаласында демалыс күндері жауын-шашынсыз ауыспалы бұлттылық күтіледі. Желдің жылдамдығы 8-13 м/с жетеді, - делінген «Қазгидромет» ақпаратында. 

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы демалыс күндері ел аумағының басым бөлігінде күн суытып, қар жауады. Бүгін Солтүстік Қазақстан облысында алғашқы қар жауып, ондағы ауа температурасы 1 градусқа дейін төмендеді. Жүргізушілерге жылдамдықты асырмауға және жол ережелерін сақтауға кеңес береміз.