Оңтүстіктен Солтүстікке көшу: Қостанайда дәрігерлер тапшылығы азайды

Фото: Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында дәрігер мамандардың тапшылығы айтарлықтай азайды. Оның себебін өңір әкімі Құмар Ақсақалов түсіндірді.

- «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңге жоспарланған 25 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы аяқталды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту үшін биыл облыста аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған алғашқы орталық ашылды. Қазір 30 денсаулық сақтау мекемесінде 2,3 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Құмар Ақсақалов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.

Облыс әкімінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға 4,6 млрд теңге бөлінді.

- Биыл қазаннан бастап облыстың оңтүстік өңірлерінің дәрігерлері үшін көтерме жәрдемақы 5 млн теңгеге дейін, ал ауылда 7 млн теңгеге дейін ұлғайды. Оңтүстік өңірлерден көшіп келген дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың арқасында облыста маман тапшылығы 99 маманға азайды. Осылайша денсаулық сақтау көрсеткіштерінің динамикасына оң әсер етті. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда өлім-жітім 7,7%-ға, нәресте өлімі 2,2%-ға азайды. Сондай-ақ онкологиялық, туберкулезден, қан айналымы жүйесі ауруларынан және жарақаттанудан болатын өлім-жітім төмендеді, - дейді ол.

Бұған дейін Құмар Ақсақалов Қостанай облысында кедей тұратын халықтың азайғанын айтқан еді.