Жер үлкен, ал адам болса, оның көзге көрінбейтін кішкентай ғана бөлшегі, сондықтан да тіке жүріп келе жатырмын деп ойлайды. Алайда ең қарапайым және табиғи қозғалыс - айналмалы қозғалыс екендігі қашаннан мәлім.
Қаби Оқаұлы Оқаев - өзгеше жан. Мұны мен оның ғылымның қия шыңдарына көтеріліп, Қазақстан жоғары мектебі академиясының академигі, Еуразия Халықаралық экономикалық академиясының академигі, профессор, экономика ғылымдарының докторы болғандығы үшін айтып отырғаным жоқ. Оқаевты тамаша шығармашыл ойлау қабілеті, ой-өріс кеңдігі, проблемаларды көре біліп, оларды шешуде қиядан жол табатын озық дарыны ерекшелендіреді. Ол тереңнен тамыр тартқан сапалы тектік қасиет иесі, керек десеңіз оның Қаби атты есімі арабша «күшті, мықты, қуатты» деген мағынаны білдіреді екен.
Бұған он бес жылдан бері таныс-біліс болып жүргенімде талай рет көз жеткіздім. Қаби Оқаұлы тағдырына түбегейлі ықпал еткен, алдына қойған өрелі мақсаттарына қол жеткізуге, батыл қадам басуға мүмкіндік берген бірнеше сәттерді атайды. Ең алдымен, Жаратқан оған мықты денсаулық берген, екіншіден, ата-анасы ерінбей еңбек етуді ұқтырған, ізгілік атаулы ана сүтімен дарыған, қазақтар ондайда «уызына жарыған» деп айтады. Біздің бәріміз де бала болғанбыз, сондықтан да «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», деген халық даналығында айтылғандай, ата-ана өнегесінің алар орны үлкен.
Қаби Оқаұлы туған жердің тұма бастауларының өмірлік белсенді ұстанымдарына әсерін ерекше бағалайды. Ол Гурьев облысының Теңіз ауданындағы Өтері (қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданы) деген шағын ауылда дүние есігін ашқан. Ресеймен шектесетін осы жерде Қиғаш өзені сылдырай ағады. Дауылпаз ақын Махамбеттің «Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық», деп келетін жырларындағы Қиғаш - осы өзен. Оның тайдай тулаған балығы мен аң-құсы соғыс алдындағы ауыр жылдарда және майданның сұрапыл кезеңдерінде Қаби сияқты талай жанның таңдайын жібітіп, қиыншылық құрсауында аш өзекке әл берген. Нарын құмының етегіндегі осы ауылда бейнетті еңбектің дәмін татты, өмірдің бағасын ұққандай болды. Бала шағынан Исатай мен Махамбеттің толарсақтан қан кешіп, ат ойнатқан дүбірлі жортуылының ерлік баянын, Құрманғазы мен Динаның, Сейтек пен Дәулеткерейдің күй құдыретінің сарынын құлағына құйып өсті.
Әскер қатарындағы міндетті азаматтық борышты өтеу кезеңі ер жетіп, ат жалын тартып мінген, нағыз ерлік мектебі болды. Төрт жыл бойы Сібірдің қытымыр аясында Иркутск облысының Братск қаласында қызмет атқарды. Осында орта мектепті бітіріп, білімге бас қойды: таңдайы қақсып бір тамшы суды аңсап, шөліркеген жолаушыдай білімге, көрсем-білсем деген құмарлығы алға жетеледі. Шаруаның отбасынан шыққан жас жігіт шетсіз-шексіз сахарадан сонау алыс көкжиектерге көз тікті. Осынау үлкен өмір мектептері ірі ағартушы, ғалым, қоғам қайраткері болып қалыптасуына жол ашты. Мұның бәрі, ерінбей тер төгіп, аса күшті қабілет-қа йрат жұмсауды талап етті.
Қазақ мемлекеттік университетінің студенті атанған кезінде ұзақ күндер мен түндер көңілін ғылым жолына жұмсап, тас қияға өрлеп, санаулы лениндік стипендиат атанғандардың бірі болды. Сол кездің өзінде ғылымға ден қойып, ғылыми конференцияларда баяндамалар жасады, ғылыми пікірсайыстардың бел ортасында жүрді. ҚазМУ-ды бітіргенде оның ұшқан ұясында еңбек-ғылым жолын жалғастырудың тамаша мүмкіндігі туды. Содан бастап, қазақ жоғары мектебінің қара шаңырағында ғылыми-педагогикалық баспалдақтармен ілгері ұмтылды.
Еңбек жолын ассистент болып бастаған білімпаз ғалым жиырма бір жыл екі ірі - жоспарлау-экономика және есеп-экономика фаультеттерінің деканы болды, отыз бір жыл бойы үздіксіз кафедра басқарды. Бүгінде Қаби Оқаұлы Оқаев Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетінің экономика кафедрасының профессоры. Сөйтіп, өзі жүрек қалауымен таңдап, жалынды жастық шағын, бүкіл саналы ғұмырын қазақстандық жоғары экономикалық мектепті қаз тұрғызуға арнаған Қаби Оқаұлы осы салада жарты ғасыр бойы жемісті және жанқиярлықпен еңбек етіп келеді.
Кешегі студенттен бүгінгі аузы дуалы құрметті ғалым-оқытушыға айналғанға дейінгі ұзақ жолда оның басынан талай оқиғалар, жарқын белестер өтті. Бірақ та бір елеулі сәт мәңгі есінде қалған. Баулып, қанаттандырып өсіретін, жүрегінің жылуын, сапалы қасиеттерді бойыңа сіңіретін шынайы Ұстазды кездестіру кез келгеннің пешенесіне жазылмаған. Қаби Оқаұлының ұстаздан жолы болды. Оның айтуынша, есінде мәңгі өшпейтін із қалдырған мұндай үлкен жүректі ұстаз - Қазақстан тарихындағы алғашқы жоғары экономикалық оқу орнының - Алматы халық шаруашылығы институтының бірінші ректоры Александр Иванович Белов болатын. Оның әкелік қамқорлығы мен даңғайыр білімі, азаматтық келбеті Қаби Оқаұлының бағын ашып, кейінгі шығармашылық-ғылыми өрісті жолына сәулесін түсірді. Шәкірт те Ұстазын жерге қаратқан жоқ.
Оқаевтың ғылыми мансабы ойдағыдай болды - ғылым кандидаты, содан кейін ғылым докторы. Оның тағы бір қыры - тамаша педагог бола білді. Қаби Оқаұлының профессор атануы да - ғалым еңбегіне берілген лайықты баға. Өйткені ол республикамызда экономикалық ғылыми мектептің қалыптасуына, осы саладағы мамандардың үлкен шоғырын оқытып-тәрбиелеуге елеулі үлес қосты. Ол сонымен қатар мемлекеттің ғылыми-зияткерлік әлеуетін толықтырып, сол ортаны қалыптастыруға зор ықпал етті. Ол ғылыми кадрларды қалыптастыратын қуатты базалық кафедраны құра білді, сол арқылы осы жерде ондаған докторлық және кандидаттық диссертациялар сәтті қорғалып жатты. Олардың арасында - бүгінгі ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаев, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Жексенбек Әділов, экономика ғылымдарының докторы Бекболат Әубәкіров сияқты көптеген ел таныған, тәуелсіз Қазақстанның дамуына соқталы үлес қосып жүрген көрнекті азаматтар бар.
Қаби Оқаевтың басшылығымен жоғары білікті мамандардың - экономистер мен менеджерлердің үлкен шоғыры даярланды, олардың арасында танымал мемлекет қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, өндіріс ұйымдастырушылары, кәсіпкерлер аз емес. Оның тәрбиелеп ұшырған шәкірттері бүгінде еліміздің игілігі жолында көптеген басқару құрылымдарында жемісті қызмет атқарып жүр.
Қаби Оқаұлы атақты «Нархоздың» негізін қалаушылардың бірі ғана емес, ол негізгі қорлардың ұдайы өндірісі проблемалары бойынша ғылыми мектепті жасаушы. Оның ұзақ жылдар бойы зор қажыр-қайратпен жасаған еңбектері көптеген заңнамалық актілер жасалымдарының негізіне алынды. Қазірде отандық өндірісті қалпына келтіру, негізінен Қ.Оқаевтың әдістемелік ұсыныстары бойынша жүргізілуде. Бүгінгі таңда оның ғылым жұмыстары республикада кәсіпкерлікті дамытуға, нарық жағдайындағы өнеркәсіпті дамытудың теориялық және практикалық қырларына бағытталған. Қ.Оқаевтың көптеген елдердің танымал ғалымдарымен жеке өзінің тікелей байланыстары республиканың экономикалық өміріне жаңа технологияларды енгізуге, жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды кеңейтуге жердемдесіп келеді.
Оның қаламынан 250-ден астам ғылыми жұмыстар туындады, оның ішінде 18 монография, кітаптар мен кітапшалар бар. Ол - оқытудың заманауи технологияларының әдістемелері жасалымдарының авторы. «Қазақ энциклопедиясының» экономика жөніндегі редакциялық кеңесінің төрағасы болды. Бүгінде «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының экономика жөніндегі кеңесшілер тобына жетекшілік етеді.
Профессор Қ.Оқаев экономикалық ғылымның теориясы мен практикасында қазақ тілін қолдану саласын кеңейтуге зор қажыр-қайрат жұмсап келе жатқанын ерекше атап өткім келеді. Оның тікелей қатысуымен және басшылығымен «Бухгалтерлердің орысша-қазақша сөздігі», «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік», «Қазақ тілі терминдерінің салалық түсіндірме сөздігі. Экономика және қаржы» кітаптары басылып шықты.
Көптеген экономикалық жоғары оқу орындары мен факультеттерде профессор Оқаев даярлаған «Экономика және халық шаруашылығын басқару», «Экономика және кәсіпорындарды басқару» «Экономика» мамандықтары үшін қазақ және орыс тілдеріндегі оқу-әдістемелік кешен үлкен сұранысқа ие болып отыр. «БИКО» баспа үйі, міне, 13 жылдан бері Қаби Оқаұлының редакциялауымен қазақ тіліндегі «Бухгалтер бюллетені» апталығын шығарып келеді, ал оның мамандар үшін маңызы баға жеткісіз.
Қаби Оқаұлы үшін жоғары мектеп ісі атақ пен абырой ғана емес, өмірінің басты мәні де. Оның сіңірген еңбегі жоғары үкімет наградаларымен - кезінде Кеңес үкіметінің «Знак почета» орденімен, медальдармен және құрмет грамоталарымен аталып өтті. Ол жоғары білім үздігі деп танылып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағына ие болды. Дегенмен ең басты марапат және оның үлкен бақыты - жерлестерінің, туыстары мен жақындарының сүйіспеншілігі. Қаби Оқаұлы Оқаев - Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының құрметті азаматы.
Оның екі ұлы да ер жетіп, өз тағдырларына ие болды, бұл да - үлкен бақыт. Айталық, тұңғышы Ермек көп жылдардан бері «БИКО» баспа үйін басқарып келеді, қазір оның өнімдері Қазақстанға кеңінен танымал және елдің ақпараттық кеңістігінен лайықты орын алып отыр. Кіші ұлы Еркеблан бизнес саласында еңбек етеді және сонымен қатар докторлық диссертациясымен айналысып жүр. Үлкен келіні Ғалия болса, мамандығы бойынша экономист-психолог, отбасында діни құндылықтардың таусылмас шарапатын тигізуде. Отбасының ғылыми дәстүрлерін кіші келіні - Алтынай одан әрі жалғастыруда. Ол экономика ғылымдарының кандидаты әрі «экономика магистрі», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істейді.
Отбасының шырайын келтіріп, балалары мен немерелеріне жан жылуын беріп, қадірменді отанасы, үлкен бір әулеттің алтын діңгегі болып отырған сүйікті жары Фазила Әмірғалиқызының орны ерекше. Бүгінде Оқаевтардың өнегелі шаңырағында жеті немере балқұрақтай өсіп келеді. Олардың арасында білім қуып, Отанынан жырақта жүрген ең үлкен немерелері - Баянның орны бөлек. Жастығына қарамастан қазірдің өзінде ол Англия колледжін бітіріп, Францияда білімін жалғастырды. Бүгінде Шотландиядағы Эдинбург университетінде психолог мамандығына оқып жатыр. Баян алты тілді меңгерген. Сірә, жеті жұрттың тілін білген, сегіз қырлы, бір сырлы, деп халық осындайда айтқан болар.
Өткенді оймен шола отырып, бүгінгі жеткен жетістігімізді бағамдаймыз. Әсіресе, ол өскелең ұрпақ үшін керек тәмсіл. Ұрпақ сабақтастығы тіні үзілмеуге тиіс, бүгін жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жаңа буын - біздің ертеңіміз, болашаққа түрен салып, елін ертеңге бастайтын - солар. Әр адам өзінің биігіне ұмтылады, сол жолда шамшырақ болып жол нұсқайтын нағыз Ұстаздар болады. Солардың бірі - талай жас адамдардың жанына жалау, өміріне темірқазық іспетті бағыт сілтеген, экономист деген қиын да жауапты мамандықтың тізгінін ұстаған жас түлектердің айтулы тәлімгері - Қаби Оқаұлы Оқаев болары кәміл!