Онжылдық мерзімді қамтитын тілдерді дамыту бағдарламасы қазақ тілді БАҚ-тардағы қазақ тілді контентті ұлғайтуға бағытталған

АСТАНА. Шілденің 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - 2020 жылға дейінгі мерзімді қамтитын тілдерді дамытудың бағдарламасының бірнеше ерекшелігі бар.

Бұл ерекшеліктерге бүгін Үкіметте Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған кеңейтілген мәжілістен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед тоқталып өтті.

«Бағдарламаның ең басты ерекшелігі, оны балабақшадан бастап орта мектепте, ЖОО-ларда мемлекеттік тілді оқытудың үздіксіз жүйесін жасау», деп атап өткен министрдің пайымдауынша, екінші ерекшелігі, барлық мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ халықпен тікелей қоян-қолтық жұмыс істейтін кәсіп иелеріне мемлекеттік тілді белгілі бір дәрежеде білу мәселелері де көзделгендігінде болып отыр.

Бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін ең алдымен мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін атап өткен ол, аталған мәселенің бүгінгі бағдарламадан көрініс тапқандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ министр орыс тілінің бүгінгі позициясы Қазақстанда ұлтаралық қатынас тілінің позициясын толық атқарып отырғандығына тоқталды. «Бұл әлемдегі ең үлкен тілдердің бірі. Сондықтан орыс тілінің де позициясын сақтау, оны кеңінен қолдану мәселесі де қарастырылған», деген министр елімізде тұратын аз ұлт өкілдерінің де өз ана тілін оқып, үйренуіне толық жағдай жасалғандығын атап өтті.

«Бір сөзбен айтқанда, бұл бағдарламада көрсетілген мақсат-міндеттер әбден орындауға болатын міндеттер деп есептейміз. Сондықтан алдағы жылдардың өзінде қазақстандықтар осы бағдарламаның жүзеге асу нәтижелерін көре бастайтын болады және бұл бағдарлама тек қана Үкімет тарапынан емес барлық қоғамдық, мемлекеттік емес ұйымдар, зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен жасалған бағдарлама деп есептеймін. Әрине, бұл ең алдымен қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тілді контентті ұлғайтуға бағытталған», деді М.Құл-Мұхаммед.