Тиісті шешім бүгін, 2 тамызда Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман өкілдерінің виртуалды кездесуі барысында қабылданды. Жиында әлемдік мұнай нарығындағы қазіргі жағдай мен оның даму перспективалары талқыланды.
Мәлімдемеде атап өтілгендей, мұнай өндіру көлемін арттыру 2023 жылдың сәуірінде жарияланған қосымша ерікті түзетулер аясында жүзеге асырылады. Кездесуге қатысушылардың пікірінше, бұл қадам әлемдік мұнай нарығындағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар елдер бұл шешім бұрын өндіріс көлемін белгіленген деңгейден асырып жіберу салдарын өтеу бойынша міндеттемелерді орындауды жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар ОПЕК ынтымақтастық туралы декларациясын орындауға бейілділігін растады. Оның ішінде мұнай өндіруді қосымша ерікті түрде шектеу шаралары да бар. Бұл талаптардың орындалуын Бірлескен министрлік мониторинг комитеті (JMMC) бақылайды. Сондай-ақ елдер 2024 жылдың қаңтарынан бері орын алған артық өндіріс көлемін толық өтеуге ниетті екенін тағы да мәлімдеді.
Бұдан бөлек, JMMC Бірлескен министрлік мониторинг комитетінің 67-отырысында Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Қазақстан, Нигерия, Алжир және Венесуэла өкілдері әлемдік мұнай нарығындағы жағдайды талқылады. Олар жаһандық энергетикалық нарықтардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастық туралы декларацияны (DoC) орындауға бейілді екенін растады.
Комитет энергия тасымалдаушылардың үздіксіз жеткізілуі үшін халықаралық теңіз бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар қатысушылар энергетикалық инфрақұрылымға жасалған шабуылдарға алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, бүлінген нысандарды қалпына келтіру көп қаржы мен уақытты қажет етеді, бұл жеткізу көлеміне кері әсер етіп, нарықтағы құбылмалылықты күшейтуі мүмкін.
ОПЕК±ке мүше жеті елдің мұнай нарығындағы жағдайды бағалауға арналған келесі кездесуі 2026 жылдың 6 қыркүйегіне жоспарланған.
Еске салайық, бұған дейін ОПЕК отырысы қарсаңында мұнай бағасы 90 долларға жуықтағанын жазған едік.
Оның алдында Қазақстан ОПЕК елдерімен бірге тамызда мұнай өндіру көлемін арттыратынын хабарлағанбыз.