ОПЕК міндеттемелерін орындау-орындамау өз еркімізде – «ҚазМұнайГаз» басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – ОПЕК міндеттемелерін орындау-орындамау Қазақстанның өз еркінде. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына эксклюзивті сұхбат берген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов айтты.
- Біріншіден, егер ОПЕК-ті, оның мұнай көлемін алып қарасақ, ондағы біздің үлесіміз салыстырмалы түрде алғанда аз. Екіншіден, ОПЕК-тің қандай мүшесіміз? Мұны ешкім айтпайды. Біз - бақылаушымыз. Яғни, міндеттемелерді орындау-орындамау өз еркімізде. ОПЕК-ке мүше ретінде кірмедік. Мұнай бағасына әсір ету мақсатында талаптарын орындауға тырысамыз. Бірақ, менің жеке пікірім, ол міндеттеме емес. Біз өзіміздің жағдайымызға қарауымыз қажет, - деді Асхат Хасенов.
Ұлттық компания басшысының дерегінше, еліміз жыл сайын шамамен 90 млн тоннаға жуық мұнай өндіреді. Оның 56 млн тоннасы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортқа шығарылады. Мұнан бөлек, Баку-Тибилиси-Джейхан, «Достық» құбырлары арқылы да сыртқы нарықтарға жөнелтіледі. Ал ішкі нарыққа 17 млн тонна мұнай тиесілі. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы тарапынан мұнай-газ химия саласын дамытуға қатысты нақты тапсырма болғанын атап өтті.
- Егер мұнай-газ химия зауыты салынса, онда оның мультипликативті әсері қосымша салаларда 6-7 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оны жеңіл түсіндіруге болады. Қазір газдан полипропилен аламыз. Полипропиленнен көптеген басқа тауар шығарылады. Шымкентте «Бал текстиль» кілем зауыты бар. Олар өнімдерін полипропиленнен тоқиды. Яғни, тізбек ұлғайған сайын жаңа жұмыс орындары ашылып, экономикалық әсері үлкен болады, - деді ол.
Қазақстанның дәлелденбеген мұнай қорының көлемі қанша екенін жазған болатынбыз.