Қауымдастықтың өкілдерінің атап өтуінше, ОПЕК-тің мұнай өндіру көлемін тәулігіне 1,2 млн. баррельге төмендету туралы шешімі және ОПЕК-ке мүше болып саналмайтын елдердің де қысқарту келісімін қолдауы энергия тасымалдау нарығын тұрақтандыруға әрі Қазақстандағы іскерлік белсенділікке септігін тигізетін болады. Бұл автопаркін жаңартуға, жаңа көлік сатып алуға дайын қазақстандықтарға ықпал етеді. Айта кетерлігі, ағымдағы жылы автомобильдердің орташа «жасы» 1,7 жылға өсіп, 13,66 жылды құрады. Бұған дейін ол үздіксіз төмендеп отырған еді. Теңге бағамы ауытқыған кезде Ресейден 312 мың көлік әкелуге байланысты туындаған «дүрлікпе» кезеңнен кейін қазақстандық автонарықтың біртіндеп тұрақтана бастағанына қарамастан ол 2008 жылғы дағдарастан кейінгі кезеңмен салыстырғанда өте баяу қалпына келуде.
Естеріңізге сала кетсек, таяуда ОПЕК мүшелері соңғы 8 жылдан алғаш рет ортақ ымыраға келіп, 2017 жылдан бастап мұнай өндіру көлемін азайтуға уағдаласқан болатын. қол жеткізілген келісімге сәйкес, келер жылы 1 тәулікте 32,5 млн. баррельден артық мұнай өндіруге тыйым салынады. Бұл қазіргі көрсеткіштен 1 миллион 200 мың баррельге төмен.