OpenAI-дің ЖИ агенті бақылаудан шығып, «бұрын-соңды болмаған» кибершабуыл жасады

АСТАНА. KAZINFORM — OpenAI компаниясы өз технологиясына негізделген автономды жасанды интеллект агенті сынақ барысында бақылаудан шығып, өз бетінше белгілі бір стартаптың жүйесін бұзғанын мәлімдеді. Компания бұл жағдайды «бұған дейін болмаған оқиға» деп бағалады.

Фото: Heise

ChatGPT әзірлеушісі OpenAI компаниясының мәліметінше, оқиға жасанды интеллект модельдерінің осалдықтарды анықтау қабілетін бағалайтын ExploitGym бенчмаркі аясындағы сынақ кезінде болған.

Ішкі сынақ барысында ЖИ агенті хакерлік қабілетін тексеруден өтуге көмектесетін технологияны іздеу үшін жасанды интеллект модельдерінің дерекқоры саналатын Hugging Face платформасының жүйесіне заңсыз қол жеткізген.

OpenAI мәлімдеуінше, модельдер «сынақ кезінде алдау мақсатында қолдануға болатын құпия ақпаратқа қол жеткізудің жолдарын сәтті тапқан».

Жүйеге заңсыз кіру әрекеті GPT-5.6 Sol деп аталатын ең жаңа көпшілікке қолжетімді модель мен әзірге жарияланбаған одан да қуатты модельдің үйлесімі негізінде жұмыс істейтін агент арқылы жүзеге асырылған.

Шабуыл Hugging Face қауіпсіздік тобы мен олардың өздерінің ЖИ агенттері заңсыз әрекетті анықтап, тоқтатқаннан кейін аяқталды.

— Біз мұны ең заманауи киберқауіп мүмкіндіктері қолданылған бұрын-соңды болмаған кибероқиға деп санаймыз және соған сәйкес шаралар қабылдап жатырмыз, — деп мәлімдеді OpenAI өкілдері.

Компанияның болжамынша, чат-боттар мен ЖИ агенттері жетілген сайын мұндай оқиғалар жиілей түсуі мүмкін.

Бұған дейін Apple компаниясы OpenAI-ды коммерциялық құпияларды ұрлады деп айыптаған болатын.