OpenAI Қазақстанның 165 мың педагогіне тегін лицензия беретін болды

Фото: Euronews.com

АСТАНА. KAZINFORM — OpenAI компаниясы мектептер мен жоғары оқу орындарының 165 мың педагогіне тегін лицензиялар береді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова айтып берді.

Оның айтуынша, ЖИ, инжиниринг және ЖИ цифрлық технологиялары бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын даярлау басталды. 30 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 42 білім беру бағдарламасын енгізді, олардың қатарында: «Қолданбалы ЖИ», «ЖИ инженериясы және блокчейн», «Медицинадағы ЖИ» бар. Онда бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 2 815 студент білім алып жатыр. 

Профессор-оқытушылар құрамының 54%-дан астамы ЖИ бойынша оқудан өтті.

– Келесі қадам – академиялық этиканы қатаң сақтай отырып, оқытушының жүктемесін азайтатын және даярлық сапасын арттыратын басқарылатын әрі қауіпсіз құрал ретінде ChatGPT Edu-ды енгізу. OpenAI компаниясымен өзара түсіністік туралы меморандум аясында мектептер мен жоғары оқу орындарының 165 мың педагогына тегін лицензиялар беріледі, – деді Г. Көбенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұл қазақстандық педагогтарға мынадай мүмкіндіктер береді деп күтілуде:

● Күнделікті тапсырмаларды автоматтандыру (есептер дайындау, тапсырмаларды тексеру).

● Студенттер үшін оқу жоспарлары мен материалдарын дербестендіру.

● Деректерді талдау және құжаттарды түйіндеудің озық функцияларын пайдалану.

● Өз курстары үшін кастомизацияланған AI-ассистенттер мен чат-боттар құру.

Бұл құралды енгізу педагогикалық акселератор қызметін атқарып, қысқа мерзімде елдегі оқыту әдістемелерін жүйелі түрде жаңартуға және педагогтердің өздерін жаңа AI-парадигмасында жұмыс істеуге дайындауға бағытталған.

Coursera-мен дәл осыған ұқсас жоба өз нәтижелілігін көрсетті. 3 жылда 235 мыңнан астам студент 503,7 мыңнан астам сертификат алған.

– Coursera Қазақстанды білім беруді цифрлық трансформациялау бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі ретінде ресми түрде таныды. Бір жылда студенттердің «Баршаға арналған генеративті ЖИ» курстар блогына қызығушылығы артып, алынған сертификаттар саны 2024 жылғы 5 573-тен 2025 жылы 41 159-ға дейін өсті, – деді вице-министр.

Ұқсас динамика промпт-инженерияға арналған курстар бойынша да байқалады. «ChatGPT-ге арналған промпт инженерия» курсы бойынша сертификаттар саны 2025 жылы 33 898-ге дейін артты. Тағы бір танымал курстардың бірі – «ChatGPT арқылы жаңашыл оқыту» (10 783 сертификат).

Айта кетейік, 2025 жылы мемлекет тарапынан 93 мың білім беру гранты бөлініп, оның 99%-дан астамы толық игерілді.