OpenAI Маскқа қарсы сотқа шағым түсірді

Фото: Фото: Grzegorz Wajda / Global Look Press

АСТАНА. KAZINFORM – Технологиялық компания OpenAI америкалық кәсіпкер Илон Маскқа қарсы сотқа талап арыз жолдап, болашақта заңсыз әрі әділетсіз әрекеттерден қорғауды сұрады, деп хабарлады Reuters агенттігі. 

– Сәрсенбі күні OpenAI Илон Маскқа қарсы сотқа талап арыз беріп, федералды судьядан Масктың компанияға қарсы кез келген «болашақтағы заңсыз және әділетсіз әрекеттерін» тоқтатуды сұрады, - делінген хабарламада.

Бұған дейін, наурыз айында Associated Press агенттігі Масктың OpenAI-дың коммерциялық ұйымға айналуына қарсы талап арызы АҚШ-тағы федералды сотта кері қайтарылғанын хабарлаған. 

Сондай-ақ Маск басқаратын инвесторлар консорциумы OpenAI компаниясын бақылайтын коммерциялық емес ұйымды сатып алу үшін 97,4 миллиард доллар ұсынған. 

OpenAI – 2022 жылдың қараша айының соңында іске қосылғаннан кейін бір апта ішінде 1 миллион пайдаланушы жинаған ChatGPT чат-ботының авторы ретінде танымал. Компанияның негізін 2015 жылы қалағандардың бірі – Илон Маск. Алайда кейінірек ол OpenAI-мен байланысын үзген.

Айта кетейік, қазіргі уақытта OpenAI McDonald’s пен Chevron-нан да құнды болып тұр.