Жаңа нұсқада өзіне-өзі зиян келтіруге қатысты контентке, сондай-ақ романтикалық және сексуалдық сипаттағы қарым-қатынасқа қосымша шектеулер қарастырылған. Сондай-ақ жүйе жасөспірімге чат-боттың оған жеке сезімі немесе сана-сезімі мен эмоциясы бар деген әсер қалдырмауы тиіс.
OpenAI мәліметінше, жүйе пайдаланушының жасы 18-ге толмағанын анықтаса немесе пайдаланушы өзі 13-17 жас аралығында екенін көрсетсе, оның аккаунты автоматты түрде ChatGPT for Teens нұсқасына ауыстырылады.
Бағдарламаны әзірлеушілер жасанды интеллектіні оқу мақсатында пайдалануға да ерекше көңіл бөлген. Жасөспірімдерге арналған ChatGPT оқушыларға дайын жауаптар мен орындалған тапсырмаларды ұсына салмай, шешімді өздігінен табуға және оқу материалын түсінуге көмектесуі керек.
Сондай-ақ ата-ана бақылауына арналған құралдар қарастырылған. Аккаунттарды байланыстыру арқылы ата-аналар жасөспірімнің ChatGPT-ді пайдалана алмайтындай «тыныш уақытты» белгілей алады. Ал қауіп деңгейі жоғары болғанын байқаған сәтте баланың қауіпсіздігіне қатысты хабарламалар алады. Бұл ретте ата-ана бақылауын қосу үшін жасөспірімнің келісімі қажет.
Агенттік атап өткендей, жаңа шаралар ата-аналар, педагогтер мен мамандар арасында жасөспірімдердің жасанды интеллект чат-боттарымен қарым-қатынасы және оларға эмоционалдық тәуелді болып қалу қаупіне қатысты алаңдаушылық күшейгенде енгізіліп отыр.
Common Sense Media ұйымының 2025 жылғы зерттеуіне сәйкес, АҚШ-тағы жасөспірімдердің 70 пайыздан астамы ЖИ чат-боттарды қарым-қатынас жасау үшін пайдаланған.
OpenAI мәлімдеуінше, жаңа нұсқаның мақсаты — жасөспірімдерге жасына сай орта қалыптастырып, жасанды интеллектіні оқу мен сыни ойлау қабілетін дамытуға пайдалануға мүмкіндік беру және бұл ретте қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қатаң шараларды күшейту.
Айта кетейік, бұған дейін ChatGPT кәмелетке толмағандарды қорғауды күшейту үшін пайдаланушылардың жасын автоматты түрде анықтай бастағаны туралы жаздық.