Опералия-2024: 9 елдің өнер жұлдыздарын тоғыстырған фестиваль
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада өткен «Опералия-2024» фестивалі биыл ерекше мазмұнға ие болды. Бүгін «Астана опера» сахнасында Грузия, Испания, Италия, Қазақстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Украина мен Чехияның танымал солистері, хоры және симфониялық оркестрінің қатысуымен Гала-опера өтті. Бағдарламада әлемдік және ұлттық опера классикасынан ариялар мен дуэттер бар.
– «Опералия» аясында өткен қойылымдарға әртүрлі елдерден келген музыканттар мен әншілер осы фестивальда бас қосып отыр. Біз үшін ол үлкен мәртебе мен мақтаныш. Бұл «Опералия» фестивалі тек қана музыкалық фестиваль емес, бұл халықтар арасындағы достық пен мәдени алмасудың нышаны деп білеміз. Соған орай, Қазақстан мен Италия арасында биыл меморандумға қол қойған болатын. Бір сөзбен айтқанда, бұл меморандум қазақ мәдениетіне әлемдік мәдени кеңістікте ойып тұрып орын алуға үлкен мүмкіндік беріп тұр. Бүгінгі Гала операда әлемдік жауһарлардың көрінісі мен ұлттық опералық көріністер ұсынылды. Біз ұлттық операларға ерекше көңіл бөлеміз, оның орны өте зор, қай шығарманы алсақ та, тарихы тереңде жатыр. Әрқилы оқиғаларға толы үлкен идеяларды меңзеп, музыкасы халқымыздың рухын, тарихын, мәдениетін көрсетеді. Сондықтан әлемдік бүгінгі шуақты Италиядан келген меймандарымыз өз өнерлерін паш етіп, ұмытылмастай кештен үлкен әсер қалдырғанына сенімдімін, - дейді «Астана Опера» театрының режиссері Еренбақ Тойкенов баспасөз конференциясында.
Фестиваль театрландырылған шоумен ашылды. Онда опералық нөмірлермен қатар, опера мен балет өнерінің озық үлгілері көрсетілді.
Фестиваль аясында қазақ композиторы М. Төлебаевтың «Біржан – Сара» классикалық туындысы қойылды. Дж.Пуччинидің «Турандот» әйгілі операсын грузиялық тенор Георгий Ониани, украиналық сопрано Оксана Крамарева, чех сопраносы Либуше Санторисова қойды. Сонымен қатар, Г. Доницеттидің «Махаббат сусыны» комедиялық операсы фестивальге жеңілдік пен романтикалық көңіл күй сыйлады. П. Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсы ресейлік Элеонора Макарова мен Евгений Качуровскийдің, сондай-ақ тәжікстандық Шохрух Юнусовтың қатысуымен өтті.
Фестивальдің маңызды бөлігінде Италиядан шақырылған опера жұлдыздары өнер көрсетті: Дезире Ранкаторе (сопрано), Челсо Альбело (тенор), Джулио Пеллигра (тенор), Альберто Газале (баритон).
– Мен итальяндық Операның «Травиата», «Риголетто» және «Богема» шедеврлерін орындадым. Бүгін қазақстандық тыңдармандарға ән шырқағаныма өте қуаныштымын, көрермендер біздің қойылымдарымызға риза болды деп сенемін. Ал Еуропалық көрермендер жайлы айтатын болсақ, әсіресе Германия, Франция Австрия, Италия сияқты елдерде тамаша операға келуді, әншілермен бірге сол оқиғада қалуды, керемет костюмдер мен ұмытылмас музыканы тыңдағанды жақсы көреді,- дейді Италиялық тенор Джулио Пеллигра.
Фестивальде Қазақстанның опера өнерін жоғары деңгейде көрсететін «Астана Опера» театрының хоры және симфониялық оркестрі де өнер көрсетті.
Фестивальдің музыкалық бағдарламасын Джузеппе Акуавива (Италия) дайындады әрі дирижері де өзі. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
«Опералия-2024» фестивалі – Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды оқиға. Әлемнің әр түкпірінен келген опера шеберлерінің қатысуы шараның маңыздылығын арттыра түсті.
Камила Мүлік