Операторлар пошта жөнелтіліміндегі тыйым салынған заттарды анықтауға міндеттеледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылдан бастап операторлар пошта жөнелтіліміндегі тыйым салынған заттар мен бұйымдарды анықтауға міндетті болады. Ол үшін операторлар арнайы техникалық құралдарды, құрылғылар мен бейнебақылау жүйесін қолданады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Пошта туралы» заң жобасын таныстырған Инвестициялар және даму вице-министрі Сәкен Сәрсенов мәлім етті.

«Пошта байланысы мен жөнелтілімдері саласында қауіпсіздік мәселелерін ерекше қозғап өткен жөн. Қазіргі уақытта пошта операторлары пошталық қауіпсіздікті ұйымдастыру, пошта жөнелтілімдерін қорғау және сақтау, пошта саласындағы құпияны қамтамасыз ету бойынша шараларды толық көлемде жүзеге асыра алмай келеді. Қолданыстағы заңнамада қауіпсіздікті қамтамасыз ететін нормалар мен механизмдер жоқ, осының салдарынан өмірге қауіпті заттар мен бұйымдардың көбеюі туындап отыр», - дейді вице-министр. Оның айтуынша, аталған мәселеге байланысты заң жобасымен пайдаланушылардың және пошта операторы жұмыскерлерінің денсаулығы, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейту ұсынылады. Бұл ретте пошта операторлары жөнелту үдерісі кезінде пошта жөнелтіліміндегі тыйым салынған заттар мен бұйымдарды техникалық құралдарды, құрылғыларды және бейнебақылау жүйесін қолдана отырып анықтауға міндетті болады. Аталған норма пошта операторлары тарапынан тиісті шығындарды көздейтіндіктен, оның күшіне енуі 2019 жылғы 1 қаңтар деп көрсетілген. «Сондай-ақ жаңа заң жобасына сәйкес Ұлттық пошта операторына пошта қауіпсіздігі жүйесін құру бойынша міндеттемелер жүктеледі және жеке күзет ұйымдарын құру құқығы беріледі. Бұл пошта жөнелтілімдеріне рұқсатсыз қол сұғудан сақтауға және пошта жөнелтілімдері мен ақшаларды жоғалтудың немесе ұрлаудың алдын алуға мүмкіндік береді», - деді С.Сәрсенов.