Оппозиционерлер Бангкок орталығында жол қозғалысына шектеу қойды

АСТАНА. 13 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметке қарсы шерушілер Тайланд астанасының орталығында жол қозғалысына шектеу қоюды бастады.

Бангкок қаласының географиялық орталығы саналатын Жеңіс монументі алаңындағы көше қиылыстары жабық, деп хабарлады Ресейдің «Жаңалықтар» ақпарат агенттігі.

Агенттіктің ақпаратына қарағанда, Бангкоктың ұлттық маңызы бар барлық автожолдарында қозғалысқа тек бір ғана жолақ ашық, әзірше одан қоғамдық, сондай-ақ жеке көліктер де өткізілуде. «Бір сағаттың ішінде біз бұл жолақты да жауып бастап, тек қана қоғамдық көліктерді өткізетін боламыз», - дейді оппозициялық Халықтық демократиялық реформалар кеңесінің күзет отряды жасақтарының бірі.

Күзетшілер Жеңіс монументі төңірегіндегі алаңға металл тосқауылдар қойып, шерушілердің көліктерін полицияға кедергі келтіретіндей етіп орналастыруда.

Полицияның деректеріне қарағанда, монумент алдындағы шерушілердің саны әзірше 3 мыңнан аспайды. Дегенмен адамдар алаңда орналасқан метро стансасы арқылы келіп жатыр. Бұл жерде оппозиция серкелері де жүр. Олардың қатарында Халықтық демократиялық реформалар кеңесінің бас хатшысы Сутхеп Тхыаксубан да бар. Айтуынша, шерушілер қатары толыққаннан кейін олар қаржы министрлігі мен ұлттық бюджет бюросы ғимаратына барып, бұл мекемелердің жұмысын тоқтатуға әрекеттенбек.