Орал әкімдігінің шенеунігі мемлекеттік үй қорынан әйеліне пәтер бергізген
ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласы әкімі аппараты бірыңғай мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы қызметін атқаратын Әлихан Мыңжасаровтың қызмет бабын пайдаланып, некеде тұратын әйелі Альмира Қарасаеваға пәтер алып бергені белгілі болды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл заңбұзушылықты өңір басшысы құрған жұмыс тобы қызметтік тексеру барысында биылғы 28 маусымда анықтаған.
«Жұмыс тобының қорытындысы лауазымды қызметкердің іс-әрекетіне тиісті құқықтық баға беру үшін Орал қаласы прокуратурасына жолданды. Сонымен қатар қазіргі кезде облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Орал қаласы әкімдігі мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берудің заңдылығын тексеру үшін осындай деректерді анықтау және оған жол бермеу мақсатында жұмыс тобын құрды», -деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңның 15-бабына сәйкес жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға және соған теңестірілген адамдарға, лауазымды адамдарға, егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруға тыйым салынады.