Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының мәліметінше, тексеру барысында Орал қаласының Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жобалау ұйымдарымен жобалау-сметалық құжаттаманы тегін әзірлеу туралы меморандумдарға қол қойғаны анықталған.
Кейін бұл жобалар бюджет қаражаты есебінен іске асырылған. Прокуратура мұны бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзу деп таныды.
Заң бұзушылыққа жол берген Орал әкімінің орынбасары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 163-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылып, 648 мың теңге айыппұл төледі.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада инвесторға заңсыз шара қолданған басқарма басшысына айыппұл салынғанын хабарлаған едік.