Қоғам белсендісі Алмагүл Иқсанованың Instagram әлеуметтік желісінде Чапаев-Орал қаласы аралығында аталмыш жолдан алынған асфальт қалдығы қайда кеткенін білгісі келетінін мәлім еткен.
— Осы жол бойында қаншама ауыл бар. Елді мекендер тұрғындары кеңес дәуірінен бері жол қиындығын көріп келеді. Асфальт қалдығын сол ауылдарға апаратын кіреберіс жолдарға неге төсемеске? — дейді А.Иқсанова.
Аталған мәселеге орай түсінік берген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданның айтуынша, биыл Орал-Атырау жолының 372-432 және 432-492 шақырымы учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысына сәйкес «ДСК Приоритет» ЖШС мердігер ұйым ретінде анықталды.
— Жоба аясында бұрыннан бар асфальтбетон қабатын кесу, жаңа асфальт төсеу, сондай-ақ жаңа материал қосып, жол шетін нығайту жұмыстары қарастырылған. Кесіп алынған материал жобалық шешімдерге сәйкес жол шетін нығайту үшін пайдаланылады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалы халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу, пайдалану және күтіп ұстау жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар көлік құралдарының қауіпсіздігі мен үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етеді, — деді А.Мардан.
Оның екпін түсіруінше, аталған материалдарды жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу, күтіп ұстау және басқа шаралар үшін қолдану бюджеттік қаржыны мақсатсыз пайдалану болып есептеледі.
«ДСК Приоритет» ЖШС-дан алынған мәліметке қарағанда, жоба сәуір айының ортасында басталып, қазіргі таңда жол-құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
Бүгінде сегіз шақырым жолға ірі түйіршікті асфальтбетон жабыны төселген. Орташа жөндеу аясында жол жамылғысының тозған беткі қабаты толықтай фрезерленіп, кейіннен ірі түйіршікті және ұсақ түйіршікті асфальтбетон қабаттарын кезең-кезеңімен төсеу қарастырылған.
— Жоба барысында ресурсты тиімді пайдалану мәселесіне де басымдық берілген. Фрезерлеу кезінде алынған ескі асфальт материалы жол жиектерін нығайту жұмыстарына қайта қолданылатын болады. Қазіргі уақытта бұл материал арнайы дайындалған алаңдарға жинақталып жатыр. Жобаны толық аяқтау осы жылдың қазан айының соңына жоспарланған, — делінген ресми жауапта.
Жалпы, Орал-Атырау жолында апат жиі болатындықтан, «өлім трассасы» атанып кеткені белгілі. БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша биылғы төрт айда 4 жол-көлік оқиғасынан 1 адам қаза тауып, 11-і түрлі жарақат алған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жаяу жүргінші бөлігі құлаған көпірді зерттеу жұмыстары басталғанын жазған едік.