ОРАЛ. KAZINFORM – Атырау облысында жолды су шайып кетуіне байланысты Орал-Атырау бағытында жүк көліктеріне шектеу қойылды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалынан мәлім еткеніндей, 18 мамыр күнгі сағат 20.00-ден бастап республикалық маңызы бар Орал-Атырау жолында (492-189 км, Орал қаласынан Атырау облысына дейін) жүк көліктерінің қозғалысы шектелді.
«Қазіргі кезде жүк көліктері Ақтөбе арқылы қатынап жатыр», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Атырау-Орал трассасының Махамбет ауданындағы 44-шақырымы жырылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).