Орал әуежайы жөндеуге жабылады
Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайы бірнеше күнге жөндеуге жабылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметінен мәлім еткендей, әуежайда ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұшу жолағының бір бөлігіне ағымдағы жөндеу жүргізіледі.
«Жөндеу уақытында, яғни 8 қазан күні сағат 02.00-ден 10 қазан сағат 05.00-ге дейінгі аралықта, сондай-ақ 12 қазанда 01.30-дан 17.00-ге дейін (резервтік күн) әуежайды жабу жоспарланған. Сол күндері ұшақтар қабылданбайды және ұшырылмайды. Бұл – әуе кемелерін пайдалану және жолаушыларға қызмет көрсету қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мәжбүрлі шара. Жоспарланған жөндеу мерзімі сол кездегі қолайлы ауа райын, сондай-ақ әуежайда ұшатын ұшақтар санының азаюын ескере отырып таңдалып, Оралға рейстерді орындайтын әуе компанияларымен келісілді.
Жолаушылардан жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, сапарларын алдын ала жоспарлауды өтінеміз», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралға қонған ұшақта 17 жасар қыз көз жұмғанын жазған болатынбыз.