ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Орал» халықаралық әуежайына Кеңес одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімін беру ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО тілдерді дамыту басқармасының басшысы міндетін атқарушы Света Ғаниеваның мәлім еткеніндей, Nur Otan партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі және облыстық мәслихат депутаттарынан «Орал» халықаралық әуежайына Кеңес одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімін беру туралы ұсыныс түскен.
Бұл мәселе бүгін облыстық мәслихаттың 7-сессиясында қаралып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Тиісті шешім қабылданды.
«Енді ұсыныс ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына жолданатын болады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне С.Ғаниева.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО мектептеріне қазақтың ұлы тұлғаларының есімдері берілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).