ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал әуежайының ғимараты 6,6 млрд теңгеге қайтадан жаңартылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің айтуынша, «ҚПО б.в.» компаниясы арқылы әлеуметтік инвестициялар жобасы аясында құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Оның сөзіне қарағанда, жоба бойынша терминал алаңы 4 мыңнан 10 мың шаршы метрге дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ сыртқы инженерлік желілер тартылып, іргелес аумақты абаттандыру, автотұрақ ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі.
Аэровокзал терминалының технологиялық жабдықтары халықаралық стандарттар мен шекаралық және кедендік талаптарға сәйкес жаңғыртылады.
«Құрылыс-монтаж жұмыстарын жыл соңында аяқтау көзделіп отыр. Құрылыс құны – 6,6 млрд теңге», деді Ә.Антазиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында БҚО-да 9 көпқабатты тұрғын үй салынатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).