ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Орал» халықаралық әуежайының терминалы 1,5 млрд теңгеге жаңғыртылмақ. Бұл туралы бүгін «WestKazInvest-2017» IV халықаралық инвестициялық форумы барысында «Орал» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС арасында келісімге қол қойылған кезде белгілі болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
«Орал» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Артур Досқалиевтің айтуынша, биылғы жылдың соңына қарай терминалды бұзу жұмыстары басталады. Терминал уақытша халықаралық сектор ғимаратына көшіріліп, жолаушыларға сонда қызмет көрсетіледі. Терминалды қайта салу жұмысы алдағы жылы басталып, 2019 жылы аяқтау көзделуде. Құрылыс біткенде, әуежай аумағы 6 мың шаршы метрге кеңейеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын республикалық бюджет қаржысына әуежайдың ұшу-қону жолағы жаңғыртылып, кеңейтілген болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).