ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралдағы «Мирлан» орталық базарында ер адам өзіне-өзі пышақ салып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін түске таман болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жедел жәрдем сағат 12.23-те шақырылды.
Жедел жәрдем бригадасы 12.29-да жеткен.
«1970 жылғы ер адам облыстық ауруханаға жеткізілді. Жарақатын қарап, таңғаннан кейін амбулаторлық емдеуге жіберілді», деді ҚазАқпарат тілшісіне облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынова.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, аталмыш дерек бойынша тәртіп сақшыларының жұмыс жүргізіп жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қыз баланың жетінші қабаттан секіріп кеткенін, Бәйтерек ауданында колледж директорының өзіне-өзі қол жұмсағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).