Орал допты хоккейінің түлегі Рауан Исалиев «Ақжайыққа» қайтып оралды

Фото: Фото: instagram.com/ sc_akzhayik_07

ОРАЛ. KAZINFORM – Белгілі шабуылшы Рауан Исалиев жаңа маусымда «Ақжайық» допты хоккей клубының намысын қорғайды.

«Ақжайық» спорт клубынан алынған мәліметке қарағанда, Р.Исалиевпен келісім жасалған. Орал қаласында 1988 жылы дүниеге келген Рауан Исалиев бенди әліппесін «Ақжайық» командасының құрамында үйренді.

Шабуылшы 2008 жылдан бері ресейлік «Водник», «Старт», «Сибсельмаш», «Байкал-Энергия», сондай-ақ швециялық «Ветланда» клубында өнер көрсетті.

Рауан Исалиев Қазақстан ұлттық құрамасы сапында әлем чемпионатының төрт дүркін қола жүлдегері атанды.

2011 жылы Алматыда Қысқы Азия ойындарының чемпионы атанумен бірге қарсыластар қақпасына гол соғудан алдына жан салған жоқ. Сондай-ақ 2018 жылы ақпанда Қазақстан құрамасының капитаны Хабаровскіде өткен әлем чемпионатында 21 гол, 7 нәтижелі паспен біріншіліктің үздік сұрмергені болды. Швеция кубогының қола жүлдесіне қоса Ресей кубогының финалисі атанды.

Рауан Исалиев Швеция кубогында 6 ойында 5 гол соқты. Элиталық серияда 34 ойында 18 гол, 5 нәтижелі пас, Ресей кубогында 106 матчта 88 гол, 50 пас, Ресей чемпионатында 378 кездесуде 297 гол, 149 паспен көзге түсті. Рауан сонымен қатар Қазақстан құрамасы сапында 64 ойын өткізіп, 82 голдың авторы атанды.

Допты хоккейден Ресей чемпионатының жоғары лигасында ойнайтын «Ақжайық» жаңа маусымға дайындығын бастап кетті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын допты хоккейден «Ақжайықтың» ойыншысы бір маусымда 100-ге жуық гол соққанын жазған болатынбыз.