Орал халықаралық әуежайын бақылау құқығы қазақстандық инвесторларда қалады
Әлеуметтік желіде «Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайының» меншік иелері өзгерді деген ақпарат тараған болатын. Осыған байланысты «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-дан ақпарат келіп түсті. Одан алынған мәліметке қарағанда, «Орал қаласы халықаралық әуежайы терминалы ғимаратын қайта құру және жаңғырту» жобасын жүзеге асыру аясында ӘКК мен «Орал» халықаралық әуежайы арасында бірлескен қызмет жөнінде келісім жасалған.
«Aqjaiyq» ӘКК» АҚ «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының өңірдің дамуына бөлетін әлеуметтік аударымдары есебінен инвестиция тартып, әуежай ғимаратын қайта жаңғыртты. Инвестиция көлемі – 6,6 млрд теңге. «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ терминал қайта құрудан өткеннен кейін нысанды 2022 жылғы 6 сәуірде «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-не үш жыл мерзімге сенімді басқаруға берді. Аталған ЖШС құрылтайшыларының ауысуы екі мекеме арасындағы келісім міндеттемелеріне әсер етпейді, өйткені бұл екі заңды тұлға арасындағы қарым-қатынас», - делінген «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-дан түскен ақпаратта.
«Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметі де осы мәселеге орай ақпаратымен бөлісті. Онда аталған ЖШС-ні иемдену жөніндегі келісімнің мәресіне жеткені айтылған. Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай компаниясы-операторын әуежайды басқаруға маманданған қазақстандық «Уральск Менеджмент» ЖШС, ҚР азаматы Д. Қилыбаев және ресейлік «Ретранс» АҚ-дан (қатысу үлесі 49 пайыздан көп емес) тұратын консорциум сатып алды. Бақылау қазақстандық инвесторларда қалады.
«Жаңа меншік иелері жолаушылар мен әуе компаниялары үшін қызмет көрсету сапасын жақсартып, әуежайды техникалық жағынан жарақтандыру, бизнес ісін жандандыруды жоспарлап отыр. Мұның бәрі халықаралық тасымалды дамыту әлеуетін көтеріп, сондай-ақ жүк тасымалы көлемін өсіруге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Орал әуежайындағы жолаушылар тасқыны жылына 300 мың адамнан асады. Әуежайдың Қазақстанның солтүстік-батысында ыңғайлы орналасуы мұнда транзиттік тасымалды дамытып, соның негізінде өңірлік хабты қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деп хабарлады «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-дан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал әуежайына Мәншүк Мәметованың есімі берілгенін жазған болатынбыз.