БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов Орал кафесіндегі жарылыс кезінде зардап шеккендердің жағдайы жөнінде айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.
Ерлан Виленұлының айтуынша, оқиға орнынан Орал қалалық көпбейінді ауруханасына барлығы 6 адам жеткізілген.
Дәрігерлер барлығын қарағаннан кейін бір ер адам амбулаториялық ем алуға жіберілді.
«Беті мен мойын тұсын жеңіл күйік шалған тағы бір ер адам травматология бөлімшесіне орналастырылды. Қалған төртеуі жансақтау бөлімінде, жағдайлары өте ауыр. Біреуінде екі жақты пневмоторакс, оған қоса оң жақ иығы сынған. Бәрі де жабық бас-ми жарақатын алған. Оларды 52-ден 15 пайызға дейін қатты күйік шалған. Жансақтау бөлімінде жатқан екі ер адам – Өзбекстан азаматтары. Екі қыз, сондай-ақ травматология бөлімінде жатқан ер адам – Қазақстан азаматтары», - деді Е.Тоқсанов.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында кафеде жарылыс болып, соңы өртке ұласқанын жазған едік.
Сондай-ақ Оралда кафедегі жарылыстан екі адам қаза тапты.
Орал кафесіндегі жарылыстан жарақат алғандардың төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).