Орал кафесінде жарылыс болып, үш адамның қаза табуына байланысты жалға алушы сот қаулысымен екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Орал қаласы мамандандырылған тергеу сотының қаулысымен кафені жалға алушыға қатысты екі айға, биылғы 6 наурызға дейін қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану бүгін санкцияланды.
Қаулы 4 күнде күшіне енеді.
Жалға алушыға ҚР ҚК 292-бабы 3-бөліміне (екі және одан көп адамның өліміне соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу) сәйкес айып тағылған.
Бұл бап бойынша айыпты деп танылған адамға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал кафесіндегі жарылыс орнынан үшінші адамның денесі табылғанын болатынбыз.
Сондай-ақ, кафені жалға алушы қамауға алынды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).