Оралда кафедегі жарылысқа қатысты жалға алушы қамауға алынды, деп хабарлайды Kazinform БҚО прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Прокуратура мәліметі бойынша «Rizyq» кафесіндегі өрт пен адамдардың қаза болуына байланысты БҚО ТЖ департаменті ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігіне (екі және одан көп адамның өліміне соқтырған өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
«6 қаңтар күні аталған қылмыстық құқықбұзушылықты жасаған күдікті қолға түсіп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. БҚО ТЖ және полиция департаменттері қызметкерлерінен құралған ведомствоаралық жедел тергеу тобы тергеу жоспарына сәйкес қажетті сараптамаларды тағайындады. Іс бойынша процессуалдық прокурорлар белгіленді. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал кафесіндегі жарылыс орнынан үшінші адамның денесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).