ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қалалық сотының бұрынғы төрағасы Руслан Жұмағұлов және адвокат Нұржігіт Фазылғалиевтің ісі бойынша БҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында сот отырысы болды.
Онда адвокат Айгүл Молдағалиева іспен толық танысып үлгермегенін айтып, сот отырысын кейінге қалдыру жөнінде өтініш білдірді.
Мұны басқа адвокат, қорғаушылар және прокурор қолдады.
Осылайша, сот отырысы 7 қазан күнгі сағат 15.00-ге қалдырылды.
Еске салайық, бұдан бұрын Орал қалалық сотының бұрынғы төрағасы бас бостандығынан айырылған болатын.
Руслан Жұмағұлов ҚК 24-бабы 3-бөлігі — 190-бабына (алаяқтыққа оқталу) сәйкес айыпты деп танылып, Тасқала аудандық сотының үкімінен 2 жыл 7 ай және 15 күнге бас бостандығынан айырылған еді.
Сонымен қатар адвокат Нұржігіт Фазылғалиев алаяқтыққа және пара беруге оқталу баптары бойынша айыпты деп танылып, оған мүлкін тәркілеумен бірге 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы кесілген болатын.
Кейін адвокаттар апелляциялық сатыдағы сотқа шағым түсірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).