Орал қалалық ішкі істер басқармасы Абай бөлімінің тергеушісі кісі өлтіру фактісін жасырған - БҚО прокуратурасы
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2011 жылғы 7 тамызда Оралдағы Құрманғазы көшесі бойындағы арықтан 1954 жылғы В.Коршуновтың мүрдесі табылған. Сот-медициналық сараптамасына сәйкес ол суға батқан деп танылған. Осыған сәйкес Э.Кузнецов 2011 жылғы 21 қарашада қылмыс құрамы жоқ деген себеппен қылмыстық істі қозғаудан бас тартқан. Алайда прокурорлық тексеру кезінде аталған шешімнің заңдылығы күмән туғызған. Қайта тексеру барысында Коршуновтың анасы айқай-шуға пәтерінен шыққан кезде ұлының қанға бөгіп, еденде жатқанын көрген. Оның басын таңып, жедел жәрдем шақыртқан.
Қабірді қайта ашып, мүрдеге қайталама сараптама жасатқан кезде Коршуновтың зорлықпен өлтірілгені анықталды. Сөйтіп ҚР ҚК 96-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қылмысты есептен жасыру фактісі бойынша қазіргі кезде тергеуалды тексеріс жүргізілуде.