ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері тапаншамен жүрген 15 жастағы жасөспірімді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 1 маусым күні сағат 18.20 шамасында болды.
Қоғам тыныштығын күзетіп жүрген, құрамында лейтенант Мақсат Қуанышев, қатардағы жауынгерлер Қуаныш Байдолұлы, Ерлан Нұрмағамбетов бар топ қалалық мәдениет және демалыс саябағы аумағында күдік келтірген жасөспірімді қолға түсірді. Ол қашпаққа әрекеттенген.
Куәгерлердің қатысуымен оның қара түсті сөмкесі тексеріліп, ішінен «Байкал» МR-651К» пневматикалық тапаншасы табылды.
Бұдан кейін жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді.
Құқық бұзушының қару ұстауға рұқсат қағазы жоқ болып шықты. Тапанша сараптамаға жіберіліп, иесі кім екендігі анықталуда.
Жасөспірімнің тапаншаны не себепті ұстап жүргендігін тергеу орындары анықтайтын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).