ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласы прокуратурасы «Агробизнес-2017» бағдарламасын жүзеге асыруда заңдылықтың сақталуын тексеру барысында шаруашылық жүргізу құқығындағы «Орал қалалық ветеринариялық стансасы» МКК басшысы Қайрат Төлеуішевтің қызмет бабын теріс пайдаланғанын анықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2014-2015 жылдары «Жайыкплемсервис» ЖШС-ға сиырды жасанды ұрықтандыру үшін мемлекеттік бюджеттен 1 361 297 теңге бөлінген. Жұмысты атқару үшін серіктестік ветстансамен шарт жасасқан. Мал иелерінен жауап алу барысында Қ.Төлеуішевтің нұсқауына сәйкес ветстанса дәрігерлерінің аталған жұмысты жалған атқарғаны белгілі болды.
Орал қалалық сотының 22 тамыздағы үкімімен ҚР ҚК 361-бабы 1-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) және 369-бабы 1-бөліміне (қызметтік жалғандық жасау) сәйкес Қ.Төлеуішев айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеумен және өмір бойына мемлекеттік ұйымдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айырумен бірге оның бір жылға бас бостандығы шектелді.
Үкім заңды күшіне енді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).