ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев тасқын судың алдын алу бойынша облыстық жедел штабтың отырысын өткізді.
Отырыс барысында облысқа қарасты қалалар мен аудан әкімдері су тасқынының алдын алуға бағытталған жұмыстары туралы баяндады. Штаб отырысында облыс әкімі Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановқа қатаң сөгіс жариялады.
«Су тасқынына дайын болмағансыңдар. Қала әкімдігі ғимаратының өзі суға кеткен. Бұның бәрі жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді. Кеше және бүгін қаланы аралап жүрмін, кейбір шағын аудандарда мен келгенде ғана жұмыс басталып жатты. Орал қаласы әкіміне қатаң сөгіс жариялаймын. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік нысандарға су кірген. Қала мен аудандар күшейтілген режимде жұмыс істеулері керек. Жағдайды 24 сағат бойы бақылауда ұстаңдар», - деді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 500-ден астам үй мен 15 кәсіпорын газсыз қалғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Орал қаласында бірнеше нысан мен 5 көпқабатты үйдің жертөлесіне су кірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).