Орал қаласы мен 80-нен астам елді мекенді су басу қаупі әлі де жоғары

АСТАНА. KAZINFORM – Орал қаласы мен 80-нен астам елді мекенді су басу қаупі әлі де жоғары. Бұл туралы БҚО әкімінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткен айтты.

Фото: Ғайсағали Сейтақ

«Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында су тасқынының екінші кезеңіне дайындық жұмыстары күшейтілген режимде жүріп жатыр. Жағдай әлі де күрделі. Себебі көршілес Ресейдің Орынбор облысынан келетін су көздерінен Жайық өзеніне су көп көлемде түсуде. Судың көбею қарқыны жылдам. Осының салдарынан Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 80-нен астам елді мекенін, сонымен қатар Жайық өзені бойында орналасқан Орал қаласы аумағын су басу қаупі бар. Қазір облыс орталығының шетіндегі 900-ге жуық саяжай су астында қалды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның айтуынша, мамандар Орынбор облысынан келетін су 17-19 сәуір күндері Батыс Қазақстан аймағына жететіндігін болжап отыр.

«Осыған байланысты су тасқынының алдын алу мақсатындағы жұмыстар тәулік бойы атқарылып жатыр. Бүгінде облыс бойынша Жайық жағасында ұзындығы 72 шақырым болатын дамба салынып, өзен жағасы нығайтылды. Барлық жұмыс БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің тікелей бақылауында. Облыс әкімі күнделікті қауіп төніп тұрған аймақтарға барып, барлық су тасқынын алдын алу жұмыстарына жетекшілік етіп жүр. Қазіргі уақытта өзен бойында қауіп төніп тұрған елді мекендерден тұрғындар эвакуацияланып жатыр. Адамдарды қауіпсіз жерге орналастыру үшін сыйымдылығы 8 596 орынға лайықталған 161 уақытша орналастыру пункті дайындалды. Облыс бойынша мұндай пункттерде 2 мыңға жуық адам орналасты. Оларға қажетті заттар мен азық-түлік, киім-кешек уақыты жеткізіліп жатыр. Тұрғындардың шығынын есептеу жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Бүгінде 677 отбасыға 125 млн теңге көлемінде бірреттік әлеуметтік көмек берілді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Сонымен қатар қайырымдылық қорлары, кәсіпкерлер, жеке тұлғалар тарапынан 300 млн теңгеге жуық гуманитарлық көмек көрсетілді», - деді Ерхан Тәткен.