Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің мәлім еткеніндей, өткен жылы 7,8 млрд теңгеге 67,7 шақырым (62 көше) жол ретке келтірілген болатын.
Жандос Асхатұлының сөзіне қарағанда, биылғы жұмыс одан әлдеқайда ауқымды. Барлық жобаларды жүзеге асыру үшін 10,4 млрд теңге қажет болса, күні бүгінге дейін 4,7 млрд теңге бөлінді.
«Отыздан астам жобаның ішінде 19-ы – орташа жөндеу жұмыстары. Өткен жылы 8-9 жоба бойынша қаланың негізгі көшелері орташа жөнделсе, биыл оның саны көбейтіліп отыр. Сонымен қатар 10-ға жуық жоба бойынша көшелерге қатқыл табанды жолдар жаңадан төселеді. 4 жобаға сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады. Биылғы ерекшелік, қаланың Құрылысшы, Солтүстік-шығыс, 4 және 6-шағынаудандарының ішкі орам жолдары ретке келтіріледі. Қазіргі кезде барлық мердігерлер анықталды. Бордюр төселіп, дайындық жұмыстары жүргізілуде», деді Ж.Дүйсенғалиев.
Облыс орталығында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 690,3 шақырым болса, соның 439,6 шақырымы немесе 63,7 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, қалған 250,7 шақырымы (36,3 пайызы) – топырақ жабынды жолдар.