Орал қаласында 60 сауда дүңгіршегі заңсыз қойылған

Фото: Фото: Орал қаласы әкімдігінен

ОРАЛ. KAZINFORM – Орал қаласында заңсыз орнатылған шамамен 60 сауда дүңгіршегі анықталды. 

Орал әкімінің тапсырмасымен қалалық жер қатынастары бөлімі, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі полиция басқармасымен бірлесіп көшеде заңсыз қойылған сауда дүңгіршектерін алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.

Қала әкімдігінен алынған мәліметке қарағанда, бүгінге дейін рейд жұмысымен осындай 34 сауда дүңгіршегі қамтылды. Барлық дүңгіршек иелеріне рұқсат құжаттарын ұсыну туралы хабарламалар таратылды. Құжаттары түгел болмаған жағдайда қалалық жер қатынастары бөлімі тарапынан жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданады. Әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сотқа талап-арыз беріледі. 

«Қазіргі таңда заңсыз қойылған 16 дүңгіршек алынып тасталды. Атап айтқанда, Әбілқайыр хан даңғылы, Циолковский аялдамасында - 5, «City center» ауданында - 2, «Мерей» базары ауданында - 2, «Жеңіс» шағынауданы, № 21 үй ауданында - 1 , Тәуелсіздік көшесі бойында - 1, Құрманғазы көшесі, Л.Толстой аялдамасы ауданында - 1, Ә.Молдағұлова көшесі, «Рауан» кешені алдында - 2, темір жол вокзалы ауданында - 2 дүңгіршек. Сонымен қатар «Бәйтерек» базары маңында орналасқан 2 дүңгіршек бойынша материал сотқа жолданды. Бұл бағыттағы жұмыс одан ары жалғасады», - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қала көшелері дұрыс тазаланбауына байланысты Орал әкімдігі жауап бергенін жазған болатынбыз.